Жаңалықтар

ҚазҰУ магистранттары Абай-Верн стипендиясын жеңіп алды

22.11.2022

МЕХАНИКА-МАТЕМАТИКА ФАКУЛЬТЕТІ МЕХАНИКА КАФЕДРАСЫНЫҢ 2-КУРС МАГИСТРАНТТАРЫ ҚОСДИПЛОМДЫҚ БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ФРАНЦУЗ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНДЕ ОҚУЫН ЖАЛҒАСТЫРУ ҮШІН АБАЙ-ВЕРН СТИПЕНДИЯСЫН ЖЕҢІП АЛДЫ.

2022-2023 академиялық жылы үшін бөлінген Абай-Верн стипендиясы иегерлері ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетінің Механика кафедрасының «7М05405-Механика және энергетика (UL, Франция)» білім беру бағдарламасының (мамандығының) 2-курс магистранттары Баймағанбетова Шолпан, Өміралиева Нұржауған, Качкинова Азиза, Көдебай Ілияс, Мұхамбетов Қазбек, Жақыпов Азимжан, Салқынбеков Дамир және «8D05403-Механика» білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Керімбекова Диана бар.

Қазақ ақыны Абай мен француз жазушысы Жюль Верн атындағы «Абай-Верн» бағдарламасы – 2018 жылдан бастап Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бірлесіп қаржыландыратын шәкіртақылық бағдарлама.

Бағдарлама студенттерге француз немесе ағылшын тілдерінде жыл сайын білім алуға арналған шәкіртақылар ұсынады: бірлесіп жетекшілік ету арқылы магистратураның 2-курс деңгейінде және докторантура бағдарламалары бойынша жүзеге асырылып келеді.

Жеңімпаздар 10 ай бойы ай сайын 800 евро көлемінде стипендия, сондай-ақ осы уақыт аралығында (2022 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың маусымына дейін) Францияның Нанси қаласында орналасқан Лотарингия университетінде тегін білім алатын болады. Аталмыш стипендия иегерлері мемлекеттік жоғары оқу орындарында тіркеу жарнасын төлеуден босатылып, Шенген аймағына арналған ұзақ мерзімді тегін визаға ие болды.

2022 жылдың 4 шілдесінде өткен франко-қазақстандық аралас комиссия отырысының қорытындысына сай, 21 үміткер (магистратура деңгейіне 19 үміткер, соның ішінде 17-cі негізгі тізімде, 4-уі қосымша тізімде және докторантура деңгейіне 2 үміткер) бекітілді. Сол үміткерлер ішінде жеті магистрант пен бір докторант Механика кафедрасынан. Бұл Механика кафедрасы үшін үлкен жетістік деп білеміз.

Шәкіртақы иегерлерін құттықтаймыз және бағдарламаға қатысу арқылы Францияда оқуға ықылас білдірген барлық үміткерлерге алғысымызды білдіреміз.

Динара ТУРАЛИНА,

Механика кафедрасының оқу-әдістемелік ісі бойынша кафедра меңгерушісінің орынбасары, ф.-м.ғ.к., аға оқытушы