Жаңалықтар

Дулат Исабеков: «ҚазҰУ-да жастармен кездесу бір ғанибет»

23.11.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков оқытушы-профессорлар мен білім алушы жастар алдында көшбасшылық дәріс оқыды.

Оқу орнында игі дәстүрге айналған көшбасшылық дәрісті ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, алдымен университет ұжымы мен білім алушы жастардың атынан қайраткер тұлғаны мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтады. Мерейтой қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары мемлекеттік атағын алғанын атап өтіп, жазушының қаламгерлік еңбек жолын жастарға үлгі етті.  


«Көрнекті қаламгер Дулат Исабекұлы ағамыз студент кезінен белсенділік танытып, Мұхтар Әуезов атындағы әдеби үйірмеге жетекшілік жасады. Атақты академиктер – Зейнолла Қабдолов, Темірғали Нұртазиндердің үлгілі шәкірті болды. ҚазҰУ-дың филология факультетін 1966 жылы бітіріп, үлкен шығармашылық жолға түсті. Қаламгердің қаламынан туған «Қара шаңырақ», «Қарғын», «Әпке», «Гауһартас» кітаптары оқырман жүрегіне жетіп, жоғары бағасын алды», – деді Жансейіт Түймебаев. 


Жақында Алматыда өткен «Исабеков әлемі» фестивалінде драматург пьесаларын қазақ театрларымен қатар, Австралия, Түркия, Грузия театрлары сахналағанын атап өтті. Сонымен қатар ректор оқу орнының даңқты түлегіне «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрметті профессоры» атағын табыстады.  


Көрнекті тұлға өз кезегінде жиылған қауымға ризашылығын білдіріп, өзі білім алған университет қабырғасындағы кездесудің жөні бөлек екенін жеткізді. Студенттік күндерді еске ала отырып, шығармашылық жолындағы мол тәжірибесімен бөлісті.  

Жазушы өз сөзінде қазіргі таңда қазақ тіліндегі түпнұсқа оқулықтардың сирек екенін алға тартып, қазақ театры мен киносын саралап оқулық жазғанын айтты. Қазақ тілінің әдемілігі, құнарлығы хақында ой толғады. Ең бай әрі көркем тіл қазақ тілі екенін нықтап, жастарды әрқашан аталы сөздің парқын байыптай білуге шақырды. Сонымен қатар дәрісте шығармашылық адамының ізденімпаздығы мен зерттеп білу қасиетінің маңызын ашып берді. Бүгінгі сахна төріндегі көптеген шығармалардың драматургия талабына сай келмейтінін ашына айтты. Нағыз жазушы «ұлтқа ғана емес, әлем халқына не беремін» деген сұрақ төңірегінде ойлануы керек деді.

«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры – ⅩⅩ ғасыр. Сол кезде Бейімбеттің шығармаларынан бастап, қазақ ұлтының туы, паспорты, мақтанышы болған еңбектер басылды. Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Мұқағали Мақатаевтар жұмыс істеген жылдары «Жұлдыз» журналы 260 мың тиражбен жарық көретін. Ол кезде әдебиет пен халық егіз еді. Көз алдыма Қазақстан үлкен оқу залы болып елестейтін», – деп, кітап оқу мәселесіне назар аударды. «Енді сол оқырман қайта оқу залына келе ме екен?» деген сұрақты қойып, телефон, гаджетке үңілген бүгінгі қоғамның электронды нұсқадан қағаз кітапқа қайта ораларына үміт артты.

Кездесу соңында жастар қаламгерге әдебиет, шығармашылық еңбекке қатысты көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

Сондай-ақ ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетінің студенті Ақгүл Қаяуқызы жазушының сөзіне жазылған «Келші, айым» әнін шырқаса, шығыстану факультетінің магистранты, қытай қызы Пың Данлиң өз сұрағын қазақ тілінде қойып, көпшіліктің ықыласына бөленді.  

 



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі