Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚМДБ Алматы қалалық орталық мешіті ұйымдастырған «Береке бастауы – бірлікте» атты ғылыми-танымдық конференцияға қатысты.

Шараның ашылуында сөйлеген сөзінде университет басшысы тыныштық пен бейбіт өмірдің құндылығына тоқталды. «Ғылым мен білімнің, діннің басты мақсаты – адамзатқа қызмет ету, бірлік пен тыныштықта болу. Қай істе, қай салада болсын әуелі бірлік керек. Соның ішінде елдіктің жолындағы бірлік біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс», – деді Жансейіт Түймебаев.



Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте ауызбіршілік маңызды екенін айта келе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елді біріктірудегі орнын ерекше атап өтті.


Сондай-ақ алқалы жиында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, зиялы қауым өкілдері, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі мүшелері және дін қызметкерлері сөз сөйледі. Олар «Ислам – ынтымақ кепілі», «Бірлік – береке бастауы», «Үлкен Түркістан», «Құтты біліктегі тұтастық идеологиясы» тақырыптарын қозғап, пікір білдірді. Кез келген қайшылықты бірге жеңудің өзектілігіне назар аударып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі