- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Президенттің ғылымды дамыту тапсырмалары пысықталды
24.11.2022Алматыдағы «Ғылым ордасында» Мемлекет басшысының ғылымды дамыту саласындағы тапсырмаларын талқылауға арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңесі өтті.
Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, жоғары оқу орындарының басшылары, академиктер мен ғалымдар, сондай-ақ ғылыми қоғам өкілдері қатысты.
Жиынды Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ашып, алдағы басым міндеттерге тоқталды. «Біздің басты мақсатымыз – отандық ғылымның қазақстандықтардың өмір сапасына елеулі үлес қосуына қол жеткізу. Осыған тиісті қаржы бөлініп, ғылым саласындағы барлық бағдарламалық құжаттар бағытталып отыр. Соңғы екі жылда қаржыландыру екі есеге жуық өсіп, 2022 жылы 80,1 млрд теңгені құрады. Қазақстандық ғылымның зор әлеуеті, игі дәстүрлері, дамыған инфрақұрылымы мен заманауи заңнамалық базасы бар екенін атап өтуге тиіспіз», – деді вице-премьер.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек басқосуда Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру барысын баяндады. «Ғылым мен инновацияны дамыту – дамудың жаңа экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы «біз үшін әртараптандырылған және технологияға негізделген экономиканы құру жай қажеттілік қана емес, бұдан басқа жол жоқ» екенін айтқан болатын. Уақыттың бұрын-соңды болмаған сын-қатерлері – пандемия, азық-түлік және энергетикалық дағдарыс, көміртекті бейтараптық трендтері, 4.0. индустрияға көшу Президент белгілеген инновациялық дамудың күн тәртібін айқындайды», – деді министр.
Қазіргі уақытта «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру қарқынды жүріп жатыр. «Ғылым» блогының төрт негізгі бағыты бойынша төрт міндет, жеті көрсеткіш және 27 нақты іс-шара қарастырылған.
Бұдан соң Ғылым және жоғары білім министрі қатысушыларды Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында ғылыми сала қызметкерлерінің санын 2025 жылға дейін 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Сондай-ақ ғалымдар мен жас ғалымдар санының 50 пайызға өсуі жоспарланған. Ғалымдардың жалақысы екі есеге артты (252 мың теңгеге дейін). Президент тапсырмасы бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ға тікелей қаржыландыру енгізілді.
Министрлік 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға үш байқау жариялады. Атап айтқанда: бюджеті 3 млрд теңге болатын «Жас ғалым» жобасы бойынша, бюджеті 9 млрд теңге болатын 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобалар бойынша жас ғалымдар конкурсы, сондай-ақ бюджеті 74 млрд теңге болатын 2023-2025 жылдарға арналған жалпы конкурс. Жалпы алғанда, үш жылда ғылымды қаржыландыру 70 пайызға өсіп отыр. Бұдан былай гранттық және мақсатты қаржыландыру конкурстары бұрынғыдай үш жылда бір рет емес, жыл сайын өткізілетін болады.
Министр өз сөзінде экономиканы технологиялық жаңғырту басты міндет екенін жеткізді. Сонымен қатар осы бастамаларды жүзеге асыру үшін жаңа тәсілдер, халықаралық тәжірибеге сүйену қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекет пен бизнестің тең қатысу қағидаттарына негізделген және реформаларға сәйкес келетін ғылымның ашық моделін қалыптастыру жөніндегі міндеттерді іске асыруда.
Қазіргі таңда елімізде жетекші бес шетелдік зерттеу жоғары оқу орнының филиалдары ашылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Соңғы жылдары елдегі ғылыми-зерттеу белсенділігінің көрсеткіші дәстүрлі ғылым үлгісін сақтаған посткеңестік елдердің көпшілігіне қарағанда жоғары болды. Университеттік ғылымды тұрақты қаржыландыру үшін эндаумент-қорлар негізінде нысаналы капитал қорлары туралы жеке заңның тұжырымдамасы және 2023 жылы бес пилоттық ЖОО-да эндаумент-қорларды ашу жөніндегі жол картасы әзірленді. Университет ғылымының дамуына жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру бағдарламасы ықпал ететін болады.
Ғылым және жоғары білім министрінің баяндамасында Мемлекет басшысы тапсырған міндеттер, атап айтқанда: ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құру, Ұлттық ғылым академиясының рөлін одан әрі нығайту, ғылымды дамытудың барлық бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар қамтылып, жиналғандар толық ақпарат ала алды.
«Осы және басқа да нормалар, әрине, ғылыми саланың уақыт талабына сәйкестігін қамтамасыз етеді. Ғылыми зерттеулер деңгейін және олардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді, ғылым мен ғалымның мәртебесін арттырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының ғылым саласындағы тапсырмаларын іске асыруды қажетті заңнамалық базамен қамтамасыз етеді», – деп сөзін аяқтады Саясат Нұрбек.
Отырыс аясында Ғылым және жоғары білім министрінің баяндамадағы ұсыныстары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөнінде пікір білдіріп, өз көзқарастарымен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі