- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ Анкара және Ғази университеттерімен ортақ жобаларды жүзеге асырады
25.11.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Анкара университетінің ректоры Неждет Үнүвар мен Ғази университетінің ректоры Мұса Йылдыз бастаған түрік делегациясы жұмыс сапарымен келіп, білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаевпен кездесті. Жүздесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Құрметті меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алған Жансейіт Түймебаев екі ел ынтымақтастығының 30 жылдығын атап өтіп, өзара ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударды.
«ҚазҰУ көптеген түрік университеттерімен тығыз қарым-қатынаста. Бауырлас екі ел арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланыстардың ортақтығы білім және ғылым саласындағы қатынастардың қарқынды дамуының қозғаушы күші екені даусыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонан соң оқу орны Түркияның Анкара, Ғази, Эрзинжан, Билкент, Башкент, Ыстамбұл, Эджитепе және тағы басқа ЖОО-ларымен 45 келісімшартқа қол қойғанын жеткізді. Әріптестік аясында бүгінде түрлі білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар табысты жүзеге асырылуда. Соңғы екі жылда Түркиядан 20-дан астам сарапшы дәріс оқуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге шақырылды.
Сондай-ақ университеттің шығыстану факультеті жанында ТҮРКСОЙ кафедрасы түрік тілі мамандарын, лингвистер мен аудармашыларды, аймақтанушыларды даярлайтынын айта келе, ректор екіжақты әріптестікті жан-жақты жетілдіру ниетін білдірді.
Өз кезегінде Анкара университетінің ректоры Неждет Үнүвар жылы қабылдағаны үшін білім ордасының басшысына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ол өз сөзінде ынтымақтастықты одан әрі арттыру бағытында бірқатар нақты ұсынысын жеткізді.
«Атажұртқа келгеніме қуаныштымын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстанның жетекші университеті. Бүгінгі кездесу біздің университеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа нәтижелі кезеңіне жол ашады деп сенемін. Қос университет арасындағы қарым-қатынас күннен-күнге дамып келеді. Алдағы уақытта ғылым саласын дамыту мақсатында ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет деп санаймын. ҚазҰУ мен Анкара және Ғази университеттерінде мықты, білікті ғалымдар жетерлік. Ортақ база қалыптастырып, бірлесіп жаңа жобаларды қолға алу қажет. Бұл өз кезегінде қос тараптың ғылымын дамытуға сеп болады», – деді Неждет Үнүвар.
Сондай-ақ кездесуде Ғази университетінің ректоры Мұса Йылдыз сөз сөйлеп, өз пікірімен бөлісті.
«Расымен де, ғылым саласы қазіргі таңда өте өзекті. Ғази университеті бұл ұсынысты қуана қабылдайды. Сонымен қатар қос диплом беру, академиялық ұтқырлық, тәжірибе және технологиялар алмасу бойынша жұмыстар алдағы уақытта жалғаса бермек», – деді Ғази университетінің ректоры Мұса Йылдыз.
Құрметті меймандардың ұсынысын тыңдаған Жансейіт Түймебаев аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Кездесу барысында тараптар әріптестікті одан әрі тереңдету мүмкіндіктерін қарастырып, ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға уағдаласты.
Жүздесуден соң делегация өкілдері Әл-Фараби кітапханасына барып, ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалармен танысты. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті даму жоспарының екінші кезеңімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі