Жаңалықтар

Қазақстандағы БҰҰ өкілдігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әріптестік меморандумына қол қойды

20.10.2011

20 қазанда Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстандағы БҰҰ өкілдігі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әріптестігі жайында меморандумға қол қою рәсімі өтеді. Оған БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл, Қазақстанның БҰҰ-дағы бірінші тұрақты өкілі, ҚР СІМ жауапты істер жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова және ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов қатысты.

Екі жақты қол қойылған меморандум негізінен гуманитарлық, қоғамдық, экономикалық ғылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар,бұл құжат адам капиталын дамытуға ға да көп көңіл бөлмек.

Қол қою барысында БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл: «Бұл құжат екі жақты әріптестікті одан әрі дамытып, болашаққа оң ықпалын тигізбек. Университет студенттеріне ғылымның әр саласына кең жол ашып, олардың әлемдік дәрежедегі маман болуына өз үлесін қоспақ», - деп атады. Ал өз кезегінде ректор Ғалым Мұтанов: «Бұл бізге халықаралық аренаға шығуымызға үлкен мүмкіндік береді. БҰҰ-мен ҚазҰУ арасындағы әріптестіктің нығаюына бастама болады. Бұл құжаттан кейін ҚазҰУ студенттеріне БҰҰ есігі айқара ашылып, әлемдік мамандармен тілдесуге жағдай жасалмақ», -дейді.

Айта кетейік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Біріккен ұлттар ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына 2011 жылы қабылданған Қазақстан ЖОО арасындағы тұңғыш университет. «Академиялық ықпал» бағдарламасы – 90 мемлекеттің 500-ден аса жоғары оқу орындарының басын біріктіретін адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму мәселесі, қақтығыстарды шешу және бейбітшілікті сақтау, мәдениетаралық диалог сұрақтары аясында әлемге әйгілі он принципті беделді түрде қолдау мақсатындағы БҰҰ-ның жаһанды бастамасы болып табылады.

Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысқан шарада ҚазҰУ студенттері БҰҰ-ның алты ресми тілінде сөз саптап, БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мунға тілектерін жолдады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі