Жаңалықтар

Механика-математика факультетінде Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды

21.10.2011

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде математик, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, қазақстандағы сәулеленудің тасымалдау теориясы ғылыми мектебінің негізін салушы Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды.

Қазақ ғарыштық зерттеулердің негізін қалаушы ғалым атына арналған оқу аудиториясының ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжағали Сағадиев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман және ғалымның жары Райхан Ғайниқызы, механика-математика факультетінің деканы, профессор Уалихан Әбдібеков, сонымен қатар математик ғалымдар мен факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты. Онда соңынан өшпес мұра қалдырып, математика ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген ғалымның қайраткерлігі мен ғылым жолындағы естеліктері айтылды.

- Біртуар ғалым, академик Өмірзақ Сұлтанғазин көзі тірі болса, 75 жасын тойлар еді. Алайда ғалымның аты да, хаты да өлген жоқ. Айтулы ғалым туыстарының арасында, ғылымда және қоғамда мәңгі ұмытылмас ерекшелігімен насихаттала береді. Математиктің ғылымға сіңірген өшпес мұрасын дәріптеп, айтып, жалғастырып отыру үшін осы аудиторияны сол кісіге арнап отырмыз, - дейді академик Ғалым Мұтанов. Одан кейін осы аудиторияның ашылуына орайластырып, Өмірзақ Сұлтанғазиннің 75 жылдығы қарсаңында, арнайы «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген сериялы кітаптың да беташарын жасады. Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдарды насихаттауға арналып, университет баспасынан арнайы сериямен жарық көріп отырған алтыншы кітапта Өмірзақ Махмұтұлының өмірі, ғылым жолы, еңбектерң, академи жайындағы замандастарының естеліктері жазылған. «Рухани қазынамызды бойымызға жинап, оны жас ұрпақтарға жеткізуде мүндай игі істердің орны ерекше. Өмірзақ Сұлтанғазин Қаныш Сәтбаев сияқты ерекше құбылыс. Ол қазақ ғылымын әлемдік деңгейде танытқан ғалым. Шетелдік ғалымдар оны әлем саңлағы деп мойындаған. Әлемдік деңгейде математика саласында дәріс оқыған. Жапонияда оны үлкен ғылыми істер бастамасы деп атаса, Франция елі мәңгі ізденістер деген теңеген. Бүгінде біз ғарыштық жетістіктер арқылы ауа райын болжау сияқты мүмкіндіктерге жетіп отырмыз. Ал оның бәрін дамытып, бүгінге жеткізген әрине, қолданбалы математика ғылымының негізін салған, Ғарыш институтын ашқан – Өмірзақ Сұлтанғазин», -деп ғалымның толағай еңбегін егжей-тегжей атап өтті.

Ғалымның замандастары, әріптестері және оның дәрісін тыңдаған жастар математиктің өнегелі өмірін, ғибратты ғылым жолын ризашылықпен айтып, естеліктерімен бөліссе, оның жары Райхан Ғайниқызы: «Ол өте ізденімпаз, оқуды жалықпайтын үздік болды. Жастайынан зерек, оқуға ынталы өскен ол 50 жасында ағылшын тілін меңгеріп, шетелде отандық ғылымның деңгейін көтерді. Оқытушылық, ұстаздық жолында да үлгі аларлық ісі көп. Ешқашан қағазға қарап дәріс оқуды білмейтін ол еш қиындықтан қорықпады. Төзімді болды. Міне, нәтижесі жеміс беріп отыр», - деп жастарға ғылымның ауыр, күрделі жолында мойымай, тек биіктерге ұмтылуға шақырып, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің басшылығына, ұжымына алғысын жеткізіп, жаңадан ашылған дәрісханаға теледидар сыйға тартты. Ал қонақтарға қара шаңырақ ұжымы Өмірзақ Сұлтанғазинге арналған жаңа кітапты үлестірді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі