Жаңалықтар

Шетелдердегі қолжазбалардың түпнұсқаларын зерделеу

30.11.2022

Қыпшақ тіліндегі жазба мұралардың қатарына араб графикасымен мәмлүк-қыпшақ тілінде жазылған тарихи, әдеби және лингвистикалық ескерткіштер жатады. Сол кездегі түрікше-арабша сөздіктер мен грамматикалық еңбектер Мысырдағы жергілікті араб халқына қыпшақ тілін үйрету мақсатында жазылғандықтан, араб және қыпшақ тілдеріндегі мәліметтерді қамтиды. Мәмлүк-қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды, әсіресе тілге қатысты еңбектерді зерделеу маңызды.

Біріншіден, түркі тілі немесе «түрки» барлық қазіргі түркі тілдері қалыптаса бастаған кезеңде, Х-ХV ғасырларда өмір сүрген жалпы әдеби тіл болып саналады. Сондықтан қазіргі түркі тілдерін, олардың фонетикасы, лексикасы мен грамматикасының тарихын зерттеу сол дәуірдегі жазба ескерткіштерді зерттеуден басталу керек. Өкінішке қарай, көптеген жазба ескерткіштер біздің дәуірімізге дейін сақталмаған. Екіншіден, Қазақстанға мемлекеттік бағдарламалар аясында ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген құнды жазба ескерткіштер әкелінгенімен, мәмлүк-қыпшақ тіліндегі жазба мұраның көпшілігі әлі күнге дейін елімізге жетпеген. Үшіншіден, Қазақстанда қазақ, мәмлүк-қыпшақ, араб және қазіргі түркі тілдерін білетін зерттеушілердің тарапынан әлі күнге дейін аталған ескерткіштер кешенді зерттеу нысанына алынбаған. Төртіншіден, бұл ескерткіштер Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелде де, әсіресе түркі мемлекеттерінде де жан-жақты зерттелмеген. Тіпті түркітану саласында, әсіресе мәмлүк-қыпшақ тіліне қатысты көптеген зерттеулер жасалған Түркияның өзінде тек соңғы жылдары ғана ескерткіштердің кейбір қырлары қарастырыла бастаған. Бесіншіден, бұл зерттеу аясында тілдің ең динамикалық қабаты ретінде ескерткіштердің лексикасы зерттеу пәніне айналып отыр. Араб графикасымен мәмлүк-қыпшақ тілінде жазылған мұраларды зерттеуде түркі тілдерімен қатар, қолжазбадағы араб жазуын білу де өте маңызды. Алтыншыдан, орта және жоғары білім беруде қолданылатын оқу бағдарламаларына талдау жасау арқылы түркі тіліндегі ескерткіштерді зерттеуге арнайы уақыт бөлінбегенін байқауға болады. Сондықтан оқыту үдерісінде де жазба ескерткіштерді зерттеу және оларды ғылыми-педагогикалық айналымға енгізу – өзекті мәселелердің бірі.

Бүгінде ғылымда алты лингвистикалық жазба ескерткіш белгілі. Қазіргі Мысыр мен Сирия жерінде жазылып, біздің заманымызға дейін жеткен жазба ескерткіштер басқа елдерде сақталған. Мысалы, алты лингвистикалық еңбектің үшеуі Ыстамбұлда (Түркия), төртіншісі Лейденде (Нидерланды), бесіншісі Парижде (Франция) сақталса, алтыншысы Флоренцияда (Италия) сақталған. Қысқаша атауы «Китаб әд-Дурра» немесе аудармасы «Түрік тілінің жарқын інжу-маржаны» атты бұл қолжазба XIV ғасырда жазылып, Флоренциядағы Лоренцо Медичи (Biblioteca Medicea Laurenziana) кітапханасында MS130 нөмірмен сақталған. Аталған қолжазбамен танысу, сонымен қатар мәмлүк-қыпшақ зерттеулеріне қатысты жаңа еңбектермен танысу мүмкіндігі 2022 жылдың қыркүйек айындағы ҚР ҒМ Ғылым комитеті ГҚ №АР09058228 жобасы аясында Италияға іссапар кезінде туды. Ғылыми зерттеу жұмыстары барысында қолжазбаның фонетикалық және лексикалық ерекшеліктеріне назар аударылып, қолда бар басқа да мәмлүк-қыпшақ лингвистикалық еңбектермен салыстырылды. Басқа да мәмлүк-қыпшақ сөздіктері секілді бұл қолжазбада да араб сөздері қара сиямен, ал түркі (мәмлүк-қыпшақ) сөздері қызыл сиямен берілген. Қолжазбаның әрбір бетінде арабша және түркіше кезектесіп 15-16 жол бар, жазуы «насх», жалпы алғанда, түсінікті.

Қолжазбаның тікелей өзімен жұмыс жасау арқылы көшірмеде кездесетін олқылықтарға (сызықтар, артық нүкте немесе, керісінше, нүктенің түспеуі) тап болмай, оң нәтижелерге жетудің бірден-бір көзі. Жалпы алғанда, Франция, Нидерланды, Италия мен Түркияда сақталған бұл қолжазбалардың түпнұсқаларын зерделеп, өзара салыстырып, оларға талдау жұмыстарын жүргізу арқылы алдағы уақытта бірқатар ғылыми нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдеміз.

 

Анар МҰСТАФАЕВА,

PhD,

шығыстану факультетінің доценті