Жаңалықтар

Интеллектуалды дамуға ықпал еткен бағдарлама

02.12.2022

Әр заманның ұрпаққа қоятын өз талабы, өз міндеті бар. Ел мәдениетінің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына икемделуінсіз жүзеге асқан емес. Ұлттың тарихи санасының қалыптасу негіздерінің өзінде уақыт талабына бейімделу, мәдени ортаны қалыптастыруға деген ұмтылысы жатыр.

Рухани жаңғыру бағдарламасының мән-маңызын баршаңыз білесіздер. Сондықтан оған арнайы тоқталмаймыз. Ал енді осы жобаны іске асырудың үш жылында демеушілік қаражат есебінен 270 млрд теңге тартылды. Нәтижесінде 2621 нысан салынды, 2142-сі қайтадан жаңғыртылды. Оны орындауға республика бойынша 12 мыңнан астам меценат тартылған.

Рухани жаңғырудың негізгі бағыттары, мысалы, ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімге табыну, Қазақстанның эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы жалпы қоғамның, соның ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы арасында кең қолдауға ие болды.

 

Әлеуметтік-тәрбиелік инновациялық жобалар

 

Қоғамдық сананы түбегейлі өзгертпей, елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы ауқымды өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес. Осылайша біздің мемлекеттің рухани жаңғыру бағдарламасында айтылған әлеуметтік бастамалар Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымның дамуына жаңа серпін береді. Адами әлеуетке инвестицияларды күшейтеді, елдің одан әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық және рухани-адамгершілік дамуына ықпал етеді.

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ҚазҰУ-да «Өнегелі өмір» кітаптар топтамасы жарық көрді. «Өнегелі өмір» жобасының мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан университет түлектерінің, ғалымдарының, педагогтердің, мәдениет қайраткерлерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің жоғары кәсібилігі мен табыстылығының, патриотизмінің және бәсекеге қабілеттілігінің үлгісі ретінде жас ұрпақты тәрбиелеу. Осы жоба аясында «Қазақ университеті» баспа үйі 173 кітапты жарыққа шығарды.

Осыған орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақстандық жоғары білім беру флагманы ретінде жаңа буын университетінің «Университет 4.0» моделін жасады. Бұл модель ұлы ойшыл әл-Фараби идеялары негізінде және инновациялық жүйе мен жаңаша көзқарас «өсу нүктесінің» негізіне айналған жоғары технологиялық және рухани-адамгершілік платформасының симбиозын құрайтын Al-Farabi University Smart City тұжырымдамасы бойынша жүзеге асырылады. «Университет 4.0» жобасы төрт маңызды миссияны тиімді түрде жүзеге асыруға ықпал етті. Бұлар – білім беру, зерттеулер жүргізу, инновацияларды өндіріске енгізу және жоғары білікті мамандарды елінің және әлемнің азаматы ретінде рухани адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу.

Рухани жаңғыру бағдарламасында белгіленген басшылықты ескере отырып, ұжым жоғары білікті мамандар даярлауға бар күшін салуда. Мамандарды даярлау сапасына көп көңіл бөлінеді: университеттің айтарлықтай материалдық-техникалық базасы бар, халықаралық қатынастар дамыған, қашықтан оқыту технологиялары кеңінен қолданылады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстанның жоғары мектебінің ұлттық ғылым академиясы бірлесіп, moocs.kz сайтында Қазақстанның ашық білім беру ұлттық платформасын жүзеге асырғанын да атап өткеніміз жөн. Оқу процесінің жұмыс берушілердің қажеттіліктерімен байланысын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінеді.

Кәсіпті жетілдіруді жалғастыратын және тамаша мансап құруды жоспарлаған әрбір адам үшін теориялық білім мен практикалық бизнесті басқару дағдыларын алуға үлкен мүмкіндік беретін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында MBA және DBA (Master and Doctor of Business Administration) бағдарламаларын сәтті жүзеге асыратын Әл-Фараби бизнес мектебі құрылды.

Қорытындылай келе айтарымыз, ҚазҰУ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның қосар үлесін арттыру, жоғары инвестициялық тартымдылығы бар және коммерцияландыруға дайын ғылыми жобалар мен бағдарламалар жасау, жақсарту міндеттерін шешу бағытында қарқынды жұмыс істеуде. Биыл оқу орнының 41 оқытушысы мен қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегері атанды. Бұл ел бойынша жалпы стипендиаттардың 7,2 пайызын құрайды. Қазақстанда жас ғалымдардың саны артты. 2018 жылы ғалымдар саны 8000-нан астам болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ғылым саласында 9200 жас қызметкер еңбек етеді.

Серік ОСПАНОВ,

 Экономика және бизнес жоғары мектебі, э.ғ.д., профессор