Жаңалықтар

Ол бағыты айқын жетекші бола білді

01.12.2022

Заң ғылымының докторы, профессор Гүлнара Үсейінова арамызда болса 56 жасқа толар еді. Осындай қысқа ғұмырында оның ұстаз, заңгер-ғалым ретінде де, басшы ретінде де атқарған қызметі мен жасаған еңбегі өте көп және атқарары да көп, қаншама жүзеге аспай қалған жоспарлары мен идеялары да жетерлік еді...

Бұлай дейтін себебім – 2011 жылы заң факультетінің іргелі Мемлекет және құқық теориясы мен Конституциялық және әкімшілік құқық кафедралары біріктіріліп, жаңа құрылымның меңгерушісі болып Гүлнара Рақымжанқызы, ал оқу-әдістемелік және тәрбие бойынша орынбасары ретінде мен тағайындалғаннан бастап иық тіресіп он жылдай бірге жұмыс істедік. Университетімізде бұрын бізге бейтаныс болған индикативтік жоспар, рейтинг ұғымдары пайда болып, жүзеге аса бастады. Кез келген өзгерістер жеке адамға да, ұжымға да белгілі бір үрей, белгісіздік ұялататыны сөзсіз. Дәл осы сәтте Гүлнара Рақымжанқызы әріптестердің сенімін оятып, бағыт-бағдар көрсете білген жетекші ретінде танылды. Оның ойлары, стратегиялық жоспарлары озық, амбицияға толы болатын және ол ой-пікірлерін жүзеге асыруда үнемі әріптестермен ақылдаса отырып, бірлесіп жоғары белестерге жетті. Он жыл ішінде кафедраның атқарылған жұмысы, беделі, жоғары орындардан көрінуі үшін аянбай, үлкен жанашырлықпен тер төгіп жұмыс істегенінің нәтижесін жыл сайынғы университет құрылымдарының рейтингінен көруге болатын еді. Кафедрамыз осы жылдары ең жоғары орындардан тұрақты түрде көрініп, университеттің жетекші құрылымдарының бірі ретінде танылды. Мұндай жағдай қаншама заң ғылымының докторлары мен кандидаттары бар үлкен ұжымды оңтайлы, дұрыс басқара алуының нәтижесі деп білемін.

2017 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қаласы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің әлеуметтік тапсырысы бойынша «Азаматтық бақылау» қоғамдық қабылдау жобасы жұмысын бастады. Осы жоба басшылық тарапынан толығымен біздің кафедра ұжымына жүктелді. Сондай-ақ Гүлнара Рақымжанқызы «Sаnaly urpaq», «Aдалдық алаңы», «Адал көмек» республикалық жобаларының кеңесшісі болып, оның басшылығымен үлкен және ауқымды жұмыстар жүргізілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру: теориялық және тәжірибелік мәселелері» атты қазақ, орыс тілдерінде ұжымдық монография, электрондық оқулық, мультфильм түрінде оқу көрнекі құралы, сыбайлас жемқорлық тәуекел картасы жасалынып, көптеген ғылыми мақалалар жарық көрді. Заң факультетінде профессор Г.Үсейінованың бастамасымен «Жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ, Парасаттылық орталығы ашылып, жұмысы осы күні де жүріп жатыр. Міне, осылайша ол кісі жаңа, әділетті Қазақстанның құрылуына, қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениеттің қалыптасуына үлес қосқан азаматтардың бірі.

Гүлнара Рақымжанқызының ғылыми жолы да ҚР ҰҒА академигі С.Сартаевтың ғылыми жетекшілігімен қазақтың көрнекті ғалым қайраткерлері Ш.Уәлиханов пен Ә.Бөкейхановтың мемлекеттік-құқықтық көзқарастарына арналғаны тегін емес шығар деп ойлаймын. Себебі қазақтың ардақты азаматтарының саяси-құқықтық ойларын зерттей отырып, өзінің тұлға ретінде қалыптасуына әсерінің болғаны сөзсіз.

Нәзік жанды, парасатты әйел, отбасының және ұжымның ұйытқысы болған Гүлнара Рақымжанқызы аққан жұлдыздай бір сәтте жарқ етіп, мезгілсіз өмірден озды.

Үлкен мектептен өткізген, ұстаз-тәлімгерім санайтын қадірлі апайымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын деймін. Жақсының аты өшпейді, жадымызда қалады...

 

Спатай САРТАЕВ,

Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық

кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к.

 

 

ҒАЛЫМ ҰСТАЗ МҰРАСЫ

2021 жылы сәуір айында асыл жар, асыл ана, үлкен әпке, білікті маман Үсеинова Гүлнар Рахымжановнадан айырылып қалған едік. Аяқастынан көз жазып қаламыз-ау деген ой ешқайсымызда болған емес, амал қанша, ерте айырылдық. Бүгінгі естелік жазба ол кісінің ғылым жолында ізденіп жазған еңбектеріне арналады.

Гүлнар Рахымжановна 1989 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтап, күндізгі бөлім аспирантурасына түсіп, сол кезден бастап ғылым жолына бет бұрған болатын. Ғылыми бағыттары: мемлекет және құқық теориясы мен тарихының келелі мәселелері, ХІХ-ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялылары өкілдерінің мемлекеттік-құқықтық көзқарастары, қазақ халқының дәстүрлі қоғамының жекелеген құқықтарының пайда болуы мен дамуы, ғалымдардың халқына қалдырған көне мұраларын және заң ғылымы аясындағы келелі мәселелерді зерттеумен айналысқан болатын. Ғылыми зерттеулерінің ең алғашқысы қазақ халқына қызмет еткен ұлы қайраткер Шоқан Уәлихановтың мемлекеттік-құқықтық көзқарастары болатын, осы тақырып бойынша зерттеуін аяқтап, 1996 жылы заң ғылымының кандидаты дәрежесін алды.

Докторлық диссертациясының тақырыбына келетін болсақ, Алаш жұртына ойып тұрып ізін қалдырған «Алаш» партиясы бағдарламасының авторы Әлихан Бөкейхановтың мемлекеттік-құқықтық көзқарастары туралы тың зерттеу жұмысы болатын.

Гүлнар Рахымжановна Ә.Бөкейхановтың еңбектерінде баяндалған құқықтық көзқарастарына мемлекеттік деректанулық талдау жүргізген. ХІХ-ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялыларының еңбектерін зерттеп, жария етуге бет бұрған ғалымдардың бірі деп айтсақ та артық болмайды. Ғылыми еңбектерінің мазмұнына қарай талдау жасасақ, Ресей және Қазақстанның сол ширек ғасырда өмір сүрген ойшылдардың мемлекеттік-құқықтық ілімдеріне көз жүгіртуге мүмкіндік аламыз. Ә.Бөкейхановтың мемлекеттік билікке, мемлекет пен құқыққа, басқарудың нысандарына, тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына, сот өндірісі мен соттардың құрылымына, қазақ қоғамының әдет-ғұрып құқығының жүйесінен туындаған проблемаларына дүниетанымдық және жалпы теориялық көзқарастары мен тәсілдері ашылды. Ә.Бөкейхановтың құқықтық мемлекет идеясына, оның Қазақстанда демократия мен парламентаризм идеяларын қалыптастыру мен дамытудағы саяси және мемлекеттік қайраткерлік рөлі айқындалды. Ә.Бөкейхановтың «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси, оның саяси бағдарламасын қалыптастыруда идеялық-рухани қозғалыстың дамуында үлкен рөл атқарғанын атап көрсеткен.

Гүлнар Рахымжановна «Ә.Бөкейханов құқықтық мемлекет теориясының дүниетанымдық көзқарастарының жақтаушысы болған, билікті бөлу, заңның үстемдігі, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау идеялары, Еуропа азаматтарының кейбір идеяларының алғашқы жақтаушысы болған» деп болжам жасаған. Ғалым Үсеинова Гүлнар Рахымжановнаның өсіп келе жатқан ұрпаққа қалдырған еңбектерінің бірін ғана атап өттік.

Ұстаздық жолды таңдаған Гүлнар Үсеинова шәкірттеріне деген ілтипатты көзқарасын еске түсірсем, сағыныш сезімі оянады. Қызмет барысында болса да, жеке шаруаларда да ақылдассам, ақылшым, сырымды айтсам жақын сырласым еді. Сұм ажал ортамыздан алып кетті. Арғы өмірдің жұмағын нәсіп етсін, жатқан жері жайлы болсын.

Гүлнар Рахымжанқызының бейнесі әр кезде де жүрегімізден орын алған, ол ешқашан ұмытылмайды.


Сманова Ақмарал Бақтиярқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының

аға оқытушысы, з.ғ.к.