- Негізгі бет
- Жаңалықтар
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығы ашылды
12.02.2009әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының шеңберінде қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар арасында археология және этнология ерекше орынды иеленіп отыр. Қазақстан халқының көпұлтты мәдениеті қазіргі уақытта терең әрі ауқымды этнологиялық зерттеулерді қажет етеді. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да археология және этнология саласындағы ірі мамандар шоғырланған. Осының барлығы ғылыми-зерттеу орталығының ашылуына себеп болды.
Орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы мен университеттің ғылыми және мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Орталықтың негізгі қызметі Қазақстанның ежелгі және ортағасыр археологиясы, қазақ этнографиясы, ҚР халықтарының этникалық және этномәдени үрдістерін зерттеуге бағытталған.
Зерттеу орталығының ғалымдары негізгі 5 бөлімді: тас, қола, темір дәуірлері мен ортағасыр археологиясы және қазақ этнографиясын зерттейді. Қазақстан археолог-этнологтары, оның ішінде Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің көрнекті ғалымдары біршама үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Орталықта У.Х. Шәлекенов, Ә.Т. Төлеубаев, М.Е. Елеуов, Ж.Қ. Таймағамбетов, Б.К. Қалшабаева, А.У. Тоқтабай, Қ.Е. Ерғазы, К.Н. Райымхан сынды белгілі ғалымдар қызмет етеді.
Тас дәуірін зерттейтін профессор Таймағамбетов бастаған ғылыми топ жемісті еңбек етіп жүр. Оның алыс-жақын шетел ғалымдарымен орнатқан байланысы жақсы нәтижесін беруде.
20 жыл бұрын А.М. Оразбаев негізін қалаған қола және ерте темір дәуірін профессор Төлеубаевтың ғылыми тобы зерттеуде. Оның басшылығымен ұйымдастырылған экспедициялардың нәтижелерінде бұрын белгісіз болған Шілікті, Тебіске, Текебұлақ, Үйгентас, Ойжайлау және т.б. 400-ден астам археологиялық кешен ашылып, оның біршамасының төлқұжаты жасалды, қырықтан астам жеке ескерткіштер қазба арқылы зерттелді. Шіліктіден ашылған сақ заманының «алтын адамы» біздің және Еуразияның археологиялық ғылымына көне заман тарихына, өнеріне қосылған үлкен жаңалық.
Профессор У.Х. Шәлекеновтің жетекшілігімен 1974 жылдын бері Жамбыл облысының Шу ауданындағы ортағасырлық Ақтөбе қаласы зерттеліп жатыр. Университет ғалымдары бұл ортағасыр қаласы Қараханидтер мемлекетінің астанасы - Баласағұн қаласы екенін дәлелдеді.
Орталықтың ашылу салтанатында ұйымдастырушылар ғылыми қауымдастықты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қайта ұйымдастырылған ғылыми құрылыммен таныстырды. Орталықтың ашылу рәсіміне КСРО ҒА академигі Б.А. Төлепбаев, ҚР ҰҒА академиктері М.Х. Асылбеков, А.Б. Қалыш, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми маманы Ж.Қ. Құрманқұлов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры т.ғ.д. С.Ф. Мәжитов, Шығыстану институтының директоры т.ғ.д. М.К. Әбусейітова, антрополог, академик О. Исмағұлов, С.Әжіғали, ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының өкілдері және т.б. танымал археолог-ғалымдар қатысты.
Ғылыми орталықтың ашылуына орай университет ғалымдарының археологиялық табылмалары мен зерттеу жұмыстарынан тұратын көрме ұйымдастырылды, сонымен қатар жиылған қауым палеолит дәуірінен біздің заманымызға дейінгі кезеңді қамтитын 1000-нан астам мұрағат қойылған археология және этнология мұражайымен танысуға мүмкіндік алды. Бұл шара «Хабар», «Қазақстан» телеарналар эфирінде, «Алматы ақшамы», «Айқын», «Түркістан» газеттерінің беттерінде және т.б. көрініс тапты.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі