БҰҰ директивасына сәйкес, 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне және заң ғылымының докторы, профессор Гүлнар Рахымжанқызы Усеинованы еске алуға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы Сәбит Суатай, Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор Рим Жансараева, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің төрағасы Асхат Оразхан, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев, Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті штабы басшысының орынбасары Нұрлан Түзелбаев, Қырғызстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшелері қатысты.
Конференцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы органдар, әділет департаменттері, мемлекеттік қызмет басшыларының баяндамалары тыңдалды. Мәселенің өзектілігі мен маңыздылығына орай, «Аманат» партиясы қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері мен Алматы қалалық мәслихатының депутаттары өз пікірлерін білдірді. Бұл конференция мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлықпен күресудегі мақсатын айқындап, осы дерттің алдын алудың жаңа бағыттарын белгіледі.
Конференция барысында қатысушылар ҚазҰУ мұражайымен, Жағдаяттық басқару орталығымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі