- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Азаматтық поэзия мен нәзік лириканы үйлестіре білген ақын
07.12.2022Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры:
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, филология ғылымының кандидаты, ақын Шөмішбай Нағашыбайұлы төл әдебиетімізді ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеуде өлшеусіз еңбек сіңірген ақын. Оның қазақ поэзиясын жан-жақты талдаған ғылыми еңбегі әдебиеттану саласында елеулі құбылыс болды. Талантты ақын сегіз қырлы, бір сырлы даралығымен халыққа кеңінен танылды. Шығармашылық ізденістері арқылы Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де лайықты бағаланып, халықаралық деңгейдегі биік дәрежелі марапаттарға ие болды. Бұл ең алдымен ақын, әдебиеттанушы-ғалым Шөмішбай Сариевтің ұлт әдебиетін өркендетудегі зор еңбегінің жемісі деп бағалаймыз.
Әдетте ақындар ғылымға мойын бұрып, терең талдаулар жүргізіп, ғалым атана бермейді. Өйткені ғалым адамның түбегейлі зерттеп-зерделейтін «нысаны» болады. Ізденеді, күн-түн демей архив ақтарады. Көз майын тауысып, талдап оқиды. Ал оның түп негізі – нәтиже шығару. Зерттеу ісінің жемісін көрсету. Міне, осындай талаптың үдесінен шығу әркімге оңай соқпайды. Ал қалам ұстаған адамға оның жауапкершілігі тіптен зор. Мұны ақын Шөмішбай Сариев терең түсінді. Ғылым жолының жеңіл емес екенін және білді. Сөйтіп, «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ поэзиясы» атты кең көлемді монография жазды.
Осынау көлемді ғылыми еңбегінде Алаш арыстары – Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтардың әдеби туындыларына кәсіби талдау жасап, жауһар жырларының поэтикалық құндылықтарын ашып көрсетті. Шөмішбай Нағашыбайұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының бірі М.Жұмабаевтың алғаш жарық көрген үш томдық шығармалар жинағын әзірлеп, ғылыми түсініктемесін жазды. Біле білген адамға бұл да ұлттық ғылымның мазмұнын тереңдететін іргелі ізденіс.
Шөмішбай Сариев ғалым ретінде осы еңбектермен ғана шектеліп қалмай, 50-ші, 60-шы, 70-жылдардағы қазақ поэзиясына да кеңінен көңіл бөліп, тыңғылықты зерттеулер жүргізді. Аға буын ақындардан бастап, өз замандастарының шығармашылық портреттерін жасады. Оның ішінде Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев сынды мықты ақындардың шығармашылығына жүрексінбей талдау жасауы, біріншіден, талантты тұлғаның ізденімпаз, талғампаз әрі еңбекқор екенін айғақтайды.
Өлең өлкесіндегі айшықты орны өткен ғасырдың 70-жылдары жарқырап көріне бастаған Шөмішбай ақынды сол кездегі әдеби орта «қазақтың Пушкині» деп атаған. Ол әлем әдебиеті классиктерінің өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап, өзінің шығармалары да бірқатар шет тілдеріне аударылды.
Ақын қаламынан туған «Арайлы көктем», «Теңізден соққан жел», «Тағдыр», «Уақыт», «Біздің ғасыр» жинақтары оқырманның жоғары бағасын алды.
«Шөмішбай Сариев суреткерлігінің бір қыры – оның өлеңдерінің табиғи әуезділігінде, әнге, әуенге сұранып тұратынында», – деп жазады филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісімақова. Азаматтық поэзия мен нәзік лириканы үйлестіре білген Шөмішбай ақынның басты ерекшелігі – ол қазаққа ең танымал әндердің өлеңін жазды. Ақынның қай шығармасын алып қарасаңыз – тұнып тұрған лирика. Туған жерге сағыныш, ауылды аңсау, махаббатты аялау, ұлттық дәстүрді дәріптеу сынды тақырыптар – Шөмішбай поэзиясының басты өзегі.
Қазақ поэзиясы корифейлерінің бірі, аса талғампаз ақын Ғафу Қайырбеков Шөмішбай Сариевті «қос қанатты ақын» деп орынды бағалаған. Бір қанаты – лирикалық жырлары болса, екінші қанаты – ән-өлеңдері. Бұған өзіміз жоғарыда сөз еткен ғалымдық қабілетті қоссаңыз, ақын тұлғасы одан әрі айшықтала түспек.
Ақынның артында қалған мол рухани мұрасын насихаттауда жары Жұмагүл Қаженқызы мен ұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Бақытжан Шөмішбайұлының еңбегі зор.
Шөмішбай Сариевтің шығармашылығы қай қырынан алсақ та, бүгінгі жас ұрпаққа, жаңа буын өкілдеріне үлгі-өнеге. Ақынның рухани еңбегі қазақ халқымен бірге жасай бермек.
Уәлихан ҚАЛИЖАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Шөмішбай Сариев қазақ лирикасының көркемдік әлемін кеңейткен Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаевтардың ерекше ілтипатына бөленді. Олар Шөмішбай өлеңдерінің диапозоны кең, ішкі гармониясы үйлесімді, формасы жағынан кейде қазақтың қара өлеңінің стандарттарынан шығатын пафостығы мен ұлтжанды рухына тамсанды. Сондықтан да Шөмішбай поэзиясы жасқа да, жасамысқа да, ақсақал мен абзал қарттарға да түсінікті. Жүрекке жететіні де содан шығар. Ғафаң – Ғафу Қайырбеков: «Шөмішбайдың дауысы – айқын, азаматтық дауыс. Оның өлеңдерінен өз дәуірі, өз уақытының лебі еседі... Елді, жерді сүю, оның бүгінін танып, ертеңін болжау талабы көзге айқын шалынады», – деп еді. Расы сол – Шөмішбай қазіргі, өзінен кейінгі, өзімен қатарлас кейбір ақындардан гөрі өмірді басқаша таниды. «Құрыған», «шіріген», «тозған», «азған» сынды тарығу мен торығуға, өз туған жерінен, ділінен түңілген ақындарға мүлдем ұқсамайды. Ол заманның рухы – егемендік деп біледі. Ол «Болашақтың кілті – жастарда» деп жырлайды. Ол махаббат сезімді ұлықтайды, ол туған жердің егемен аспанында қыран болып қалықтайды. Ол – азамат үнді ақын ғана емес, жүздеген, мыңдаған, миллиондаған қазақтың алғысын алған нағыз ұлтжанды ақын.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
– Шөмішбай Сариев лирик ақын ретінде де, ән мәтіндерінің авторы ретінде де танымал болды. Әнге бейімдеп сөз жазу оңай емес. Әуеннің өзін құлпыртып жіберетін тіркестер болады. Ән мәтіннің, мәтін әннің бағын ашады. Бүгінде Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған әндер көгімізде қалықтап тұр. Қандай әндер дейсіз бе? Міне, қараңыз: «Атамекен», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Сағындым, сағым жылдар», «Бозжорға», «Өкінбе сен», «Аяулым», «Сәлем саған, туған ел!», «Ойлан, балам», «Ғашықтар жыры», «Аралдан ұшқан аққулар», «Сағынышым – туған үй», «Еркеледің сен», «Дос керек», «Домбыра», «Сен мұңыңды бер маған», «Жусан иісі»... Жететін шығар. Бұл туындылардың авторлары да осал емес.
Қазақ жұртына белгілі композиторлар Жанбота Тұяқбаев, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджанов, Владимир Питерцев, Гүлнәр Дәукенова, Бейбіт Оралұлы, тағы басқалар Шөмішбай ақынмен тығыз шығармашылық байланыс орнатты. Әсіресе Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариев тандемінің жөні бөлек. Айдынды Арал мен қазыналы Қазалының қос жігіті өнердің өрінде қос арғымақтай көсіле шапты. Екеуінің жарасымды бірлестігінен әдемі әуендер өмірге келді. Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған әндер бүкіл қазақ жұртын әлдиледі. Әлдилемегенде ше?! Өйткені бұл туындыларды қазақ өнерінде айрықша қолтаңба қалдырған Роза Рымбаева, Мәдина Ерәлиева, Нағима Есқалиева, Досхан Жолжақсынов, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Сенбек Жұмағалиев, Нұрлан Өнербаев, Жұбаныш Жексенов, Сүлеймен Ибрагимов, Бауыржан Исаев, Толқын Забирова сынды танымал әншілер беріле шырқап, жұртшылықтың жүрегіне жаттатты. «Әншіге қонған ән» деген ұғым бар. Бұл әндер аталған өнер шеберлерінің табиғатына толық сай келді.
Жұмагүл САРИЕВА,
ақынның жары:
– Шөкең қазақ әдебиетіндегі ән-өлеңдердің мәтінін жазудың шебері атанды. Бүгінде ол жазған әндермен бір ұрпақ өсіп шықты, шығармалары халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Атап айтқанда: «Атамекен», «Домбыра», «Боз жорға», «Сарыарқа», «Қарағым-ай», «Ғашықтар жыры», «Еркеледің сен», «Аралдан ұшқан аққулар» әндері қазақтың майталман әншілерінің репертуарына берік енді. Қазақтың белгілі жазушысы, әдебиет зерттеушісі, профессор, ұстаз ағасы Зейнолла Қабдолов: «Әннің өміршең болуы, халық сүйіп айтатын әніне айналуы – ол тек әннің мәтініне байланысты, мәтіні жақсы ән ғана өміршең болады», – деп, Шөмішбайдың әндерге жазған мәтіндері туралы баға берді.
Шөкеңмен елу жыл өте мәнді, мазмұнды ғұмыр кештік. Үш ұрпақ сүйдік. Үлкен ұлымыз – Бақытжан, ортаншы қызымыз – Шолпан, кенже ұлымыз – Байсал. Үлкеніміз Бақытжанды жеті айлық кезінде Шөкеңнің әке-шешесіне берген болатынбыз. Содан ол жеті жасқа дейін ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Өсірген ұл-қыздан сегіз немере көрдік. Жалпы, Шөкең өз балаларына, немерелеріне өте мейірімді болды, бәрін де айналып-толғанып, «менің патшаларым» деп өтті.
Шөкең өмірден озғаннан кейін екінші ғұмыры басталды деп ойлаймын. Алматыда біз тұрып жатқан үйде ақынның құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Кеңсайда басы көтерілді. Қызылорда қаласында облыстық өлкетану музейінде Шөкеңе арналған бұрыш ашылып, онда ақынның кітаптары мен ол қолданған машинкасы, зерделі шапаны, басқа да құнды заттары қойылды, Қызылорда қаласында үлкен жол жиегіне билборд ілінді, өзі туып-өскен Қызылорда облысы Арал қаласында ақын Шөмішбай Сариевтің туған күніне орай, «Халқымның жүрегіне жыр жазамын» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Астана қаласында республикалық Ұлттық академиялық кітапханада «Қос қанатты ақын – Шөмішбай Сариевтің шығармашылық залы» ашылды, «Сыр елінің тұлғалары» атты сериямен телехабар түсіріліп, «Атамұра» баспасынан «Жүрегім – Қазақ елі» атты жыр жинағы басылып шықты. Осындай айтулы шараларды ұйымдастырып, ақынның шығармашылығына құрмет көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға, Сыр елінің халқына басымды иіп, ризашылығымды білдіремін.