- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жастардың ғылыми қызығушылығын арттырудың мәні зор
07.12.2022Жаңа Қазақстанның дамуы халыққа білім беру ісі мен ғылымның дамуына тікелей байланысты. Алайда ғылымды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат пен бөлініп жатқан қомақты қаржыға қарамастан, еліміз қазіргі таңда ғылым мен инновациялар саласындағы әлемдік рейтингте көздеген көрсеткіштерге ие бола алмай отыр.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы ғылым саласында 22 665 ғалым жұмыс істеді. Оның ішінде маман-зерттеушілер – 18 228, олардың тек 35 пайызының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар, яғни 1883 ғылым докторы, 4324 ғылым кандидаты, 1755 философия докторы (PhD) және 62 ғылым докторы. Жастарына қарай: 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар – 35 пайыз, орта буын 55 жасқа дейінгі ғалымдар – 40 пайыз, ал 55 жастан асқандар 25 пайызды құрайды. Осы ғалымдардың ішінде әйелдердің үлесі – 53 пайыз, ерлер – 47 пайыз.
Ғалым еңбегінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – әртүрлі елдердің ғалымдары әлемдік білім қорына өз үлесін қосатын ғылыми жарияланымдар. Сәйкесінше, ғылыми басылымдардың халықаралық деректер базалары ғылыми метриялық көрсеткіштерді алудың негізгі көзі болып саналады.
Қазақстанның 2018-20 жылдарға арналған басылымдар массиві 129 ұйымға тиісті, оның ішінде жоғары оқу орны – 73, ғылыми институттар – 51, қоғамдық ұйымдар – 5. Ғылыми еңбектердің 90 пайыздан астамы немесе 10 993 жарияланым университет оқытушы-профессорларының қатысуымен дайындалған.
2022-26 жылдарға арналған ҚР ғылымын дамыту тұжырымдамасында келтірілген мәлімет бойынша, 2020/21 оқу жылында магистрлар даярлауды – 109, философия докторларын даярлауды (PhD) 79 білім беру ұйымы жүзеге асырды. 2020 жылы докторантураға 6914 адам қабылданып, докторанттар саны ең жоғары көрсеткішке жетті. 2020/21 оқу жылында докторантураны бітіргендер саны 1446 адам болса, олардың ішінде диссертация қорғағандары 478 докторант болды. Бұл көрсеткіш барлық түлектердің 33 пайызға жуығын құрайды. Ал қалған 67 пайыз бітіруші қашан қорғайды, қорғай ма, жоқ па? Олар еліміздің ғылыми потенциалын дамытатын ғылыми кадрлар бола ала ма деген заңды сұрақ туады. Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек?
Жыл сайын магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы өсіп, оларды даярлауға мемлекеттік гранттар саны артып келеді.
2021/22 оқу жылында магистратураға 12 005, докторантураға 1815 мемлекеттік грант бөлінді. Оның елеулі үлесі педагогикалық және инженерлік ғылымдарға тиесілі.
Педагогикалық ғылымдар бойынша білім беру классификаторы негізінде магистратура мен докторантура 10 бағытта даярланады. Еліміздегі педагог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарында түгелдей дерлік магистратураны даярлағанымен, 30 университет пен ғылыми-зерттеу институттарында 153 білім беру бағдарламасы бойынша докторанттар даярланады.
Бүгінгі таңда магистратураға мемлекеттік гранттар дайындық тобы, ал докторантураға дайындық бағыты бойынша бөлінеді. Ғылым жолын енді бастайтын жас бакалаврлар мен магистрларға өзінің білім деңгейін, ғылыми қызығушылығын нақты бағдарлау үшін мынандай ой-пікірді ұсынуды жөн көрдік.
Біріншіден, мемлекеттік білім беру гранттары магистратура үшін даярлау бағыттары бойынша берілсін. Магистранттар бірінші семестрден кейін университет ішінде конкурстық негізде білім беру бағдарламасын және ғылыми жетекшіні таңдайды. Бұл профессорлық-оқытушылық құрам арасында бәсекелестік ортаны құруға, сол арқылы магистрант даярлаудың тиімділігі мен сапасын және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға еңбек нарығында мүмкіндік береді.
Екіншіден, мемлекеттік білім беру гранттары докторантура үшін ғылыми сала бойынша берілсін.
Үшіншіден, диссертациялық кеңесті білім беру бағдарламалары бойынша емес, білім беру бағыттары бойынша құру керек. Себебі жоғарыда келтірілген мәліметтер бойынша, ғалымдардың саны білім беру бағдарламалары бойынша өңірлік университеттерде жеткіліксіз. Сонымен қатар диссертацияны қорғау процесі де тиімді жүрер еді.
Төртіншіден, кез келген университет нормативтік құжаттар мен мына талаптарды сақтай отырып, докторанттарды 1-курста даярлау конкурсына қатыса алады: профессор-оқытушылар құрамы үшін үш тілді білуі, ғылыми дәрежесінің болуы, сол ғылым саласы бойынша шетелде тағылымдамадан өтуі; ал университет үшін заманауи материалдық-техникалық база, қажетті ғылыми әдебиеттермен, қуаты 250-500 Мбит/с болатын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету.
Бесіншіден, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі докторанттарды 1-курста даярлау үшін университеттер арасында ашық конкурс ұйымдастыруы қажет.
Осы айтылған ой-тұжырымдар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің нормативтік құжаттарында көрініс тапса, еліміздің болашақ ғалымдарын даярлауда оң өзгерістерге жол ашады деп ойлаймыз. Сонымен қатар 2022-26 жылдарға арналған ҚР ғылымын дамыту тұжырымдамасының жүзеге асыру жоспарының орындалуына өз үлесін қосады.
Оралтай ЖОЛЫМБАЕВ,
Шәкәрім атындағы
Семей мемлекеттік университетінің профессоры