Жаңалықтар

Жаңа бастама жүзеге асатынына сенімдіміз

08.12.2022

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы жолдауында биыл жан-жақты өзгерістер мен нақты жаңғырулар жылы болғанын атап өтті. Маусым айында жүргізілген конституциялық реформа нәтижесінде билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік қалыптасты. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының келесі құрамы жаңа аралас жүйе – партиялық тізім және округтерде бір мандатты жүйе бойынша сайланады. Конституциялық сот құрылады, ол алдағы жылдың қаңтарынан бастап өз жұмысын бастайды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдік институты конституциялық мәртебеге ие болды. Президенттен Парламентке бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлу аяқталды. Облыс әкімдері енді баламалы негізде сайланады. Конституцияға «жер және оның қойнауы – халық меншiгi» деген норма енгiзiлдi. Осы ережені жүзеге асыру мақсатында принципті түрде жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасы қолға алынды.

Қазақстандағы конституциялық реформа қазіргі Президент Мемлекет басшысы болып сайланған сәттен бастап жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси жаңғырту бағдарламасының органикалық бөлігі екені даусыз және «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған. Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдумнан кейін жаңартылған Конституция демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру идеясына толық сәйкес келеді. Осылайша осы бағдарлама аясында айтарлықтай оң өзгерістер пайда болды: бейбіт жиналыстар өткізудің хабарлау принципі енгізілді, саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді.

Сондай-ақ парламенттік оппозиция институты құрылды, тіркеу кедергісі төмендетілді. Сайлау алдындағы партиялық тізімдер және депутаттық мандаттарды бөлуде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Саяси партиялардың мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді. Бюллетеньдерде «барлығына қарсы» деген баған пайда болды. Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстан шығарылды және 174-бабы ізгілендірілді, өлім жазасы алынып тасталды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі және тағы басқа көптеген өзгерістер енгізілді. Енді қоғам Қазақстанда нақты көппартиялық жүйе қалыптасуына үлкен үміт артуда.

Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жолдауында Президент сайлау циклінің күнтізбелік жоспарын белгілеп қойған болатын, сондықтан ел Конституциясының 41-бабының 3-1 тармағына сәйкес, 21 қыркүйекте ҚР Президенті 2022 жылғы 20 қарашада ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы жарлыққа қол қойған еді. Нәтижесінде бүкіл саяси жүйені түбегейлі қайта құру жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бұл негізгі мемлекеттік институттарға: президентке, парламентке, үкіметке, мәслихаттарға әсер етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанға тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша ұзақ мерзімді міндеттерді шешуге назар аударуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы символдық түрде «Әділетті Қазақстан: барлығына және әркімге. Қазір және мәңгілікке» деп аталды.

Осы орайда, жаңадан жеті жылға сайланған Мемлекет басшысы егемен Қазақстанның Президенті ретінде ұстануға ниетті қағидаттарды атап өту маңызды. Бірінші ұстаным – әділетті мемлекет. Бұл қағидат мемлекеттік органдардың саяси жаңғыртуды одан әрі жүзеге асыру, мемлекеттік аппаратты қайта іске қосу есебінен тиімділікті арттыру, сот билігінің тәуелсіздігін нығайту жөніндегі қызметінің негізін құрайтыны сөзсіз. Әділ Қазақстанды құру үшін құқық қорғау саласын түбегейлі реформалау және армияның қорғаныс қабілетін арттыру қажет.

Екінші ұстаным – әділ экономика. Әрине, бұл қағида алғашқысымен үндес және халықтың, бизнестің және мемлекеттің мүдделерін тең қорғау негізінде Қазақстанда бар ресурстарды тиімді пайдалануды білдіреді.

Ал соңғы, үшінші қағидат – дамыған әлеуметтік инфрақұрылым мен адам әлеуетін жүзеге асыруға кең мүмкіндіктер құруды және әділ әлеуметтік саясат жүргізуді көздейтін әділетті қоғам.

Біз олардың іске асатынына сенімдіміз.

 

Нәжия ҚАЛЫШЕВА,

заң ғылымының докторы, профессор

Мейіржан САҒЫНАЕВ,

аға оқытушы