Жаңалықтар

Корей халқының терең философиясымен таныстырды

07.12.2022

Биылғы оқу жылы Қиыр Шығыс кафедрасының 1-курс студенттері үшін қызыққа әрі керемет әсерге толы шаралардан басталды. Жыл сайын университет және факультет көлемінде студенттер қатарына қабылдау мерекесі кеңінен атап өтіледі. Ал корейтану бөлімінде сонымен қоса, 1-курс студенттерінің жоғары курс студенттерімен танысуы да игі дәстүрге айналған. Бұл кездесудің басты мақсаты – корей тілін енді үйрене бастаған студенттерді корей халқының дәстүріне, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» түсінігін алға қоятын корей халқының терең философиясымен таныстыру.

Корей халқының отбасылық және қоғамдық қарым-қатынасы Конфуций ілімінің этикалық нормалары негізінде қалыптасқан. Оған сәйкес, адамдар арасындағы қарым-қатынас негізгі бес тіректен тұрады: ата-ана мен бала, басшы мен бағынушы, ері мен зайыбы, жасы үлкені мен кішісі және бауырлар арасындағы қатынас. Конфуций ілімінің негізінде құрылған мұндай иерархиялық қарым-қатынас, яғни жасы үлкен адамға құрмет көрсету, ақылын тыңдау, бірінші амандасу, алдынан кесе-көлденең өтпеу сынды дәстүр әлі күнге дейін корей қоғамында өзектілігін жоғалтқан емес. Осындай этикалық нормаларды ұстану кіші буында әдептілік, сыпайылық, ұстамдылық және инабаттылық сынды қасиеттерді дамытуға ықпал етеді.  Корей халқының мәдениетіне сәйкес, жасы егде адамдар бар жерде қатты сөйлеу, жанжалдасу, дөрекі сөйлеу, бірінші болып астан алу сынды қылықтар әдепсіздікке жатады. Амандасқан кезде басын иіп, оң қолын созып, келесі қолымен білегін ұстаған абзал. Ал жасы үлкендердің кішілерге ізет көрсетіп, қамқорлық танытуы, сонымен қатар ақыл-кеңесін айту арқылы бағыт-бағдар беруі корей халқының бойына сіңген ізгі қасиеттердің бірі. Осындай құндылықтарды корей тілімен қатар, корей халқының мәдениетін де жаңадан университет табалдырығын аттаған студенттердің бойына сіңіру әр ұстаздың қасиетті парызы екені сөзсіз.

Жоғары курс студенттерімен танысуға арналған іс-шараның аты да «선배와의 대화 (Сонбэмен диалог)» соның жарқын дәлелі болды. Мерекелік шарада Қиыр Шығыс кафедрасының шетелдік профессоры Ли Бёнг Джо мен аға оқытушы, PhD Ақерке Абаған студенттерге «сонбэ-хубэ» қарым-қатынасының маңыздылығы туралы айтып, 1-курс студенттеріне ақ жол тіледі. Атап өтетін жайт, іс-шара дәстүрлі форматта емес, 1-ші және жоғары курс студенттерінің өзара араласып, топтық ойын түрінде өтті. Бірінші бөлімінде 3-курс студенттері дайындаған Корея Республикасының мемлекеттік символдары және дәстүрі туралы quiz ойыны ойналды. Екінші бөлімді 2-курс студенттері дайындап, студенттердің үлкен махаббатына ие болған «한류 (Корей толқынына)» арналды. Сұрақтарға үлкен қызығушылықпен және еш мүдірместен жауап берген студенттер бір-бірімен танысып қана қоймай, пікір алмасып, етене араласуға мүмкіндік алды. Үшінші бөлімінде 2-курс студенті Кристина Ким «Таңғы балғындық елі» – Кореяға жазғы студенттер лагеріне барып келген әсерімен бөлісіп, студенттердің корей тілін үйрену ынтасының артуына ықпалын тигізді. Мерекелік іс-шара студенттердің белгілі корей орындаушыларының әнін бірге шырқаумен аяқталды.

Корей тілінің маманы болу үшін тек тілді ғана үйрену жеткіліксіз. Корей халқының философиясы мен мәдениетін бойға сіңіру, құндылықтары мен дәстүріне үлкен құрметпен қарау арқылы білікті маман болып шығуға болады.

 

Ұлжан ҚАБДЕЛОВА,

Бағжан СЕРМҰХАМЕТ,

Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушылары