Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымы халықаралық байқауда жүлдегер атанды

13-жел-22

ҚазҰУ профессоры, академик Лейла Ахметова Еуразия халықтары Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған «Халық дипломатиясының көшбасшысы» атты халықаралық байқауда жүлделі бірінші орынды иеленді.

Байқау халықтар арасындағы сенімді, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін халықтық дипломатия саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу, әріптестік пен ынтымақтастықтың оң әлеуетін дамыту, азаматтық қоғамның кең топтары арасында тікелей байланыстарды қолдау жүйесін құру мақсатында өткізілді.

Байқауға әлемнің 30 елінен 600-ге жуық ғалым қатысқан. Нәтижесінде ақтық мәреге 14 мемлекеттен 30 адам іріктеліп алынды. Олар мәдени дипломатия, туристік, спорттық, тарихи, сандық дипломатия, еріктілік және басқа да бағыттар бойынша қатысып, зерттеу жұмыстарын ұсынды.

«Барлығының есімдерін жадымызда сақтайық» жобасымен жеңімпаз атанған ҚазҰУ ғалымы Лейла Сейсенбекқызы Ұлы Отан соғысының барлық жауынгерлері мен батырларының өшпес ерлігі мен қайсарлығын бейнелейді.

Ширек ғасыр бойы жауынгерлердің есімдерін жаңғыртуға атсалысып жүрген академик Лейла Ахметова соғыс тақырыбын зерттеуде көз майын тауысқан ғалым. Оның аталған тақырыпта көптеген кітаптары жарыққа шыққан.

Әртүрлі тақырыпта бақ сынасқан байқау соңында жеңімпаздар алтын, күміс және қола төсбелгілермен марапатталды. Жүлдегерлерге конкурс дипломдары, ұйымдастырушылар мен серіктестердің алғыс хаттары, сондай-ақ байқау демеушілерінің бағалы сыйлықтары табыс етілді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі