Жаңалықтар

ҚазҰУ-да қосдипломды бағдарлама бойынша дипломдар табысталды

15-жел-22

ҚазҰУ-да «Europe and Asia: Cultural Diplomacy and Geopolitics of the EU» атты магистрлік қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша биыл бесінші жылғы түлектерге дипломдар табысталды.

Философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының тәлімгерлері Жамиля Мұрат пен Татьяна Ячковская аталған бағдарлама бойынша білім алған. 2017 жылы бастау алған бағдарлама Әулие Охрид Клемент атындағы Софиялық университетпен (Болгария) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асқан. Жоба дәріс, семинарлар, шеберлік сағаттар, дипломатиялық мектеп және тағылымдамаларды қамтиды.

«Europe and Asia: Cultural Diplomacy and Geopolitics of the EU» бағдарламасы жаңа білім деңгейі мен халықаралық мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған. Бағдарламаға бакалавр дәрежесінің және В1 деңгейінде ағылшын тілін меңгерген университет түлектері қабылданады. Ондағы оқу ұзақтығы бір жарым жылды қамтиды. Алдын ала қарқынды тіл мектебі кезінде білім алушылар София университетінің В2 деңгейіндегі куәлігін немесе Oxford Test of English сертификатын алады. Сондай-ақ магистранттар болгар және шетелдік дипломаттармен практикалық семинарларға қатысуға, еуропалық және халықаралық дипломатиялық, мәдени мекемелерде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады. Бағдарлама теориялық сипатта, сондай-ақ практикалық-қолданбалы сипатта таңдамалы пәндердің көптеген спектрін ұсынады.

Шетелдік университетте білім алып, біліктілігін арттырған магистранттардың жеке дамуы мен кәсіби өсуіне мол мүмкіндіктер ашылады. Сондай-ақ түлектер мәдени дипломатия және коммуникацияларға байланысты кәсіби дағдылары бар маман ретінде жоғары біліктілікке ие болады.

Бүгінде аталған бағдарлама бойынша саясаттанушы, мәдениеттанушы, дінтанушы, исламтанушы және университеттің басқа да мамандықтарына түскен ағылшын тілін жетік білетін магистранттар оқи алады.

Қазіргі таңда ҚазҰУ Болгария Республикасынан бөлек Еуропаның көптеген ЖОО-мен берік байланыс орнатқан. Алдағы уақытта университет әлемнің басқа да жетекші білім ордаларымен ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттарын кеңейтуді көздеп отыр.  

 

Әл-Фараби ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі