Жаңалықтар

ҚазҰУ ұжымы Түркияда тағылымдамадан өтуде

16.12.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен және ұйымдастыруымен білім ордасының 50-ге жуық оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдары Түркияға тәжірибе алмасуға аттанды. Сапар аясында бүгін ҚазҰУ делегациясы Ақтеңіз университетіне барды.


Ақтеңіз университеті – Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Түркияда академиялық зерттеулер негізінде жазылған ғылыми мақалалар бойынша Ақтеңіз университеті үздік бестіккке кіреді.

Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан университет кампусында 250-ден аса ғимарат бар. Білім ордасының ғылыми-технологиялық базасы жоғары мүмкіндіктерге ие. Сондай-ақ логистикалық коммуникациясы жолға қойылған.

Бір аптаға созылатын курс барысында оқытушылар түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасатын болады. Сонымен қатар заманауи білім беру, инновациялық әзірлемелер мен оқытудағы озық технологиялар тақырыбында тренингтерге қатысады. Сондай-ақ іс-сапар барысында бірлескен білім беру бағдарламалар мен жобаларды іске асыру бойынша әріптестікті одан әрі нығайту көзделуде.

ҚазҰУ делегациясымен кездесуде Ақтеңіз университетінің Денсаулық сақтау саласын басқару ісі кафедрасының меңгерушісі Мұстафа Чобан сөз сөйлеп, алдағы уақытта да ҚазҰУ мен Ақтеңіз университеті арасында бірлескен жобалар жүзеге асатынын жеткізді.

«Ақтеңіз университеті – Түркиядағы ең үлкен университет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен алдағы уақытта студенттерге ғылыми жетекшілік ететін көптеген ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда оқу ордасының Франция, Италия, Ұлыбританиямен бірлескен жобалары бар. Сондай-ақ, Ақтеңіз университеті медицина саласында ауқымды жетістіктерге ие. Мәселен, сүйекке, бетке пластикалық ота жасау мықты жолға қойылған. Тіпті, жатырға да пластикалық ота арқылы бедеулікке ұшыраған әйелдерге ана болу бақытын сыйлайды. Туберкулезды зерттейтін арнаулы орталық жұмыс істейді. Одан бөлек, басқа да зертханаларда осы аурудың қыр-сырын зерттеп, емдеудің түрлі тәсілдерін анықтайды», - деді Мұстафа Чобан.

Кездесу барысында ҚазҰУ делегациясы мүшелері ғылыми байланыс орнату тұрғысында өз сауалдарына жауап алды.

Еске сала кетейік, өткен жылы да ҚазҰУ ұжымы Түркияның жетекші университеттерінде болып, тәжірибе алмасқан болатын.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі