Жаңалықтар

«Тәуелсіздік түлектері» кітабының тұсаукесері өтті

20.12.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тұрсынбек Кәкішев атындағы дәрісханасында «Тәуелсіздік түлектері» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Оған белгілі ғалым-профессорлар, факультет түлектері мен білім алушы жастар қатысты.


Еңбек авторлары әрі кейіпкерлері – ҚазҰУ-дың филология факультетіне 1986 жылы оқуға түсіп, 1991 жылы бітірген түлектері. Кітап Тәуелсіздігіміздің бастауында білім алған студенттердің ұжымдық еңбегінің көрінісі.

Басылым «Ұстаз жайлы толғаныс», «Жарқын бейнең жадымызда», «Есіңде бар ма, Желтоқсан?!» «Өзге емес, өзім айтам...» «Құдай-ау, қайда сол
жылдар!» атты тараулардан тұрады.

«Ұстаз жайлы толғаныс» аталатын тарау оқытушылардың еңбегіне арналса, «Есіңде бар ма, Желтоқсан?!» атты тарауда 1986 жылы бұғанасы қатпаған жас буынның ҚазМУ-дағы студенттік өмірі, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі және осы курс студенттерінің түгелдей дерлік алаңда болғаны, бірқатарының минометше шашыратқан су мен дубинка таяқтың астында қалғаны, кейбірінің қанға боялған замандастарын өз көзімен көріп, арашалауға ұмтылғаны, содан аурушаң мүгедек болғаны, тіпті С.Мүсірәлиев пен Люба Сәтеновадай курстастардың өмірмен ерте қоштасқаны куәгер замандастар көзімен объективті түрде жазылған», – дейді кітап авторлары.


Сонымен бірге 1986 жылы КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түскен сарыауыз балапандарды қызғыштай қорғап, адамдықтың үлгісін көрсеткен профессор Тұрсынбек Кәкішевтей ұстаздың кісілік келбеті тарихи куәгерлер тарапынан баяндалған. Бұдан бөлек сол кездері факультетте дәріс оқыған З.Қабдолов, Р. Нұрғалиев, Ә.Құрышжанов, А. Тоқпанов, С.Мырзабеков, М.Томанов, Х.Каримов, А.Қыраубаева және өзге де ұстаздар жайлы толғаныстар берілген.

Жиында сөз алған профессорлар – Жанғара Дәдебаев, Өмірхан Әбдиманұлы, филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова кітаптың құндылығына тоқталып, жас ұрпаққа берер мол өнегесін айтты.

Қатысушылар кітаптағы шынайы деректердің әрбір жанның патриоттық сезімін арттырып, жауапкершілік жүгін сезіндіре түсетінін жеткізді.  

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

филология факультетінің 1991 жылғы түлектері:

Серік Бәкір, Шоқан Шортанбай