- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Рединг университетінің профессоры ҚазҰУ-да дәріс оқыды
22.12.2022Рединг университетінің Химия, өнімдер және фармация мектебінің профессоры Виталий Хуторянский Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Медицинадағы ақылды материалдар» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Көшбасшылық дәріске университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, химия факультетінің білім алушылары мен жас ғалымдар қатысты.
Операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева құрметті қонақты таныстырып, ғалымның жетістіктеріне тоқталды. «Бүгін бізге Рединг университетінің Химия, өнімдер және фармация мектебінің профессоры (Ұлыбритания), химия ғылымының кандидаты Виталий Хуторянский арнайы сапармен келіп отыр. ҚазҰУ түлегі өзі тамамдаған қара шаңырағын қолдап, бірнеше жылдан бері ынтымақтастықты дамытып келеді. Ол біздің докторанттарымыздың жетекшісі әрі университет ғалымдарымен бірлесіп ғылыми мақалалар жариялап, халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда», – деді проректор.
Профессор Хуторянский жылы ілтипатпен қабылдағаны үшін университет ұжымына алғыс білдіре отырып, ҚазҰУ-да дәріс оқу ол үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Дәл осы залда 25 жыл бұрын мен алғаш рет ағылшын тілінде баяндама жасадым. Сол кезде біз Жоғары молекулалы қосылыстар химиясы кафедрасында түркітілдес елдердің симпозиумын өткіздік. Осыдан кейін менің мансабым басталды. Содан кейін мен аспирант болдым, кейінірек, 20 жыл бұрын, 2002 жылдың қазан айында Ұлыбританияға қоныс аудардым, мамандығымды химик-ғалымнан фармацевтке ауыстырдым. Осындай мүмкіндікке жол ашып, білім берген университетіме алғыс айтамын», – деп атап өтті профессор.
Валерий Хуторянский 2005 жылдан бастап Рединг университетінде жұмыс істейді, онда оқытушылықтан бастап, Химия, өнімдер және фармация мектебінің профессорына дейін бүкіл академиялық жолдан өтті.
«Медицинадағы ақылды материалдар» дәрісі медицинада smart-технологияларды қолданудың өзекті тақырыбына арналды. «Бүгінде барлық жерде жаңа технологиялар тез өрбіп енгізілуде, сондықтан олардың бәрін қадағалау қиынға түсуде. Смартфондар, гаджеттер, ақылды үйлер әлемді басып қалды. Медицина бір орында тұрмайды. Ақылды жүйелері бар диагностикалық жабдықтар, асқазан-ішек жолдары арқылы өтетін, ақпаратты жазатын және т.б. бейнекамералары бар капсулалар пайда болды. Әрі қарай профессор рН деңгейіне сезімтал материалдар, химиялық байланыстар (полимерлер) және оларды медицинада қолдану туралы әңгімеге егжей-тегжейлі тоқталды.
Валерий Хуторянский өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі