Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика – математика факультеті Механика кафедрасының аға оқытушысы Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы 2022 жылдың 18-31 тамызы аралығында Жапонияның Токио қаласындағы Tokyo Kenshu орталығында және Nihon университетінде ғарыштық инженерлік білім беру әдістемесі бойынша семинарға қатысты.
Ол алдын ала іріктеуден өтіп, жапондық мамандардың жоғары бағасына ие болды. Байқау қорытындысы бойынша бұл тағылымдама METI (Экономика, сауда және индустрия министрлігі) және AOTS (Шетелдегі техникалық ынтымақтастық және тұрақты серіктестіктер қауымдастығы) есебінен қаржыландырылды.
Осы бағдарлама аясында Нұрсұлтан Сағынайұлы CLTP-11 (CanSat Leader Training Program) курсына қатысты. CLTP ғарыштық білім беру бағдарламасы болып табылады. Ол HEPTA-Sat комплектін пайдалана отырып, бүкіл спутниктік жүйені құрастыру процесінен өту арқылы ғарышты игерудің нақты процесін зерттеуге бағытталған. Бұл білім беру бағдарламасы зерттеушілер мен оқытушыларға арналған және қазіргі таңда ол оқу нәтижелерін, алған білімдерін өз ЖОО-да ғарыштық технологияларды дамыту мақсатында оқу процесіне қолданып келеді.
Қазіргі таңда Досжан Н.С. механика-математика факультеті деканының орынбасары қызметін атқарады және бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде ғарыштық аппараттар топтамасының қозғалысын зерттеумен айналысады. Сондай-ақ ғарыштық техника және технологиялар мамандығы бойынша оқитын студенттерге шетелден алған тәжірибесімен бөлісіп, білім беріп механика кафедрасының дамуына үлесін қосуда.