Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Д.Қонаевтың 110 жылдығы аталып өтті

23.12.2022

ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасында көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Тарихи тұлғалар – ел есінде» атты мәдени шара өтті.


Оған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, Халықаралық «Қонаев қорының» президенті Эльдар Асқарұлы Қонаев, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, белгілі ғалымдар мен академиктер, оқытушылар мен студенттер қатысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев мәдени шараның жұмысын аша отырып, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ел тарихында айрықша орны бар екенін атап өтті.

«Дінмұхамед Қонаев есімі жаңа Қазақстан қоғамында жаңаша жаңғыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі беріліп, Алматы облысының орталығына айналды. Елімізде ескерткіштері бой көтеріп, ғылыми конференциялар өтуде.

Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары кең-байтақ қазақ жерінде 43 қала салынған. Жүздеген өндіріс орындары ашылып, ірі құрылыстар бой көтерді. ҚазҰУ қалашығы да Димаш Ахметұлының табанды еңбегінің нәтижесі. Биыл ҚазҰУ қалашығының іргетасы қаланып, құрылысы басталғанына 50 жыл толды.

Дінмұхамед Қонаев – мемлекет ісімен қатар, қазақ ғылымына өлшеусіз еңбек сіңірген ірі ғалым. Димаш Ахметұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі ретінде 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайраткерлік тұлғасы, ел алдындағы жасампаздық еңбегі, әділдігі мен тазалығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге», – деп атап өтті ректор Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде сөз алған Халықаралық «Қонаев қорының» президенті Эльдар Асқарұлы Қонаев қордың және Дінмұхамед Қонаевтың отбасы атынан конференцияны ұйымдастыруға атсалысқан университет ұжымына алғыс айтып, өзінің ҚазҰУ түлегі екенін мақтаныш ететінін айтты.

«Биыл Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде жоғары деңгейде өтуде. ҚазҰУ-дағы бүгінгі конференция іс жүзінде ұлы тұлғаға арналған мерейтойлық іс-шаралардың қорытынды жиыны болып табылады», – деді Э.Қонаев.

Шара барысында спикерлер мен қатысушылар Д.Қонаевтың мемлекеттік, саяси және ғылыми қызметіне талдау жасап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және мәдени салаларын дамытудағы ерен еңбегіне тоқталды.

Мәдени шара аясында ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов «Д.Қонаев қорының» мерейтойлық орденімен марапатталды.

Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, шығыстанушы-арабтанушы, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі Болат Көмеков, «Иран-Тұран» зерттеу орталығының директоры, филология ғылымының докторы Ислам Жеменей, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, ҚР ҰҒА құрметті академигі Қайдар Алдажұманов «Д.Қонаев қорының» мерейтойлық медалімен марапатталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі