Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары «Үздік ғылыми қызметкер-2022» байқауының жеңімпазы атанды

28-жел-22

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ерекше табыстары үшін 2022 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» байқауының жеңімпазы атанды.

Байқауға қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 468 өтінім келіп түсті. Олардың арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және Ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды.

Нәтижесінде Республикалық комиссия отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер-2022» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады.

Солардың қатарында ҚазҰУ ғалымдары 2022 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» байқауының жеңімпаздары атанды. Олар: жаратылыстану ғылымдары саласында – Медеу Ержанұлы Әбішев, Леля Әзіретқызы Хаджиева, медицина және денсаулық сақтау саласында – Винников Денис Владимирович, гуманитарлық ғылымдар және өнер саласында – Гүлмира Сәлімжанқызы Сұлтанғалиева, Лаура Ғибратқызы Ерекешева. Жеңімпаздардың әрқайсысына сертификат пен 2000 АЕК көлеміндегі сыйлық беріледі.

 

Медеу Ержанұлы Әбішев

 

Гүлмира Сәлімжанқызы Сұлтанғалиева

 

Леля Әзіретқызы Хаджиева

 

Винников Денис Владимирович

 

Лаура Ғибратқызы Ерекешева

 

Министрлік екінші жыл қатарынан еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде тоғыз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды. Оларды комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Комиссия мен сарапшылар тобының құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесінің мүшелері жұмыс істеді.

Жеңімпаз атанған ҚазҰУ ғалымдарын құттықтаймыз!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі