Жаңалықтар

Бірлік пен жақсылықтың жылы болсын!

31.12.2022

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, қызметкерлері және студенттер!

 

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа Қазақстан жылнамасындағы 2023 жыл елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, халқымызға молшылық алып келсін!

Мемлекет басшысы Алматыда «Тағзым» мемориалының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде 2022 жылы елімізде тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиға орын алғанын атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз мықты мемлекет құруға, қасиетті тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға бел буғанына сенімдімін. Біз саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, ұлттық экономиканы монополиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жалғастырамыз. Жыл басынан бері қысқа мерзім ішінде біраз іс атқарылды. Біз жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазір алдымызда ауқымды әрі күрделі жұмыс тұр. Біз тұтас ел болып жаңғыру және жаңару жолына аяқ бастық. Әрине, бұл тек басы ғана, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз баршаға айқын. Бұл – әділетті Қазақстанды құру және бәріне бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру. Біз әрқашан бірге болсақ, міндетті түрде мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін», – деп атап өтті.

Президент жарлығымен биыл 25 қазан – Республика күні мерекесі қайта жаңғырғанын да еске сала кетейік.

20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 81,31 пайыз дауысқа ие болып, жаңа Қазақстанның көшбасшысына айналды.

Алдағы мақсат – әділетті қоғам қалыптастыруда күш біріктіріп, ел бірлігін нығайтып, мемлекет дамуын жаңа деңгейге көтеру.

Бұл іргелі істе ғылыми қауымдастықтың атқаратын рөлі өте зор.

Осы бағытта университетте ауқымды жұмыстар атқарылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір жыл ішінде QS WUR жаһандық рейтингінде 175-тен 150-орынға көтерілді.

Жылдың басты жаңалығы – ҚазҰУ-ға Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесі берілді.

1 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚазҰУ-ға ресми сапармен келіп, жас ғалымдармен, студент жастармен кездесті.

Мемлекет басшысы оқу орнымыздың қызметімен және алдағы жоспарларымен танысып, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін салу жоспарын бекітті.

Мемлекет басшысының қолдауымен және қатысуымен Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады.

Биылғы оқу жылында ҚазҰУ-да Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.

Бір жыл ішінде ҚазҰУ қалашығындағы оқу ғимараттары мен жатақханалар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи техникалар мен жаңа жиhаздар алынды.

Екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, бөлмелерді кеңейту арқылы орын тапшылығын шешу жұмыстары қолға алынды.

Қалашық аумағында жаңадан заманауи дәмханалар, ғаламтор-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшірме орталықтары іске қосылып, «Магнум» дүкені ашылды.

ҚазҰУ-дың 50 қызметкері Түркияда тәжірибе алмасып, бір апта тегін демалып қайтты.

Біздің басты мақсатымыз – оқытушылар мен білім алушыларға ары қарай да жағдай жасау. Ел ертеңі – жастарға сапалы білім беру, ғылыми кадрларды даярлау, мемлекет дамуына қызмет ететін кәсіби мамандарды тәрбиелеу.

Жаңа жылда осы мақсаттарымыз жүзеге асып, ұжымның ынтымақ-бірлігі арта түсеріне сенім білдіремін.

2023 жыл – үміт пен сенімнің, шаттық пен бақыттың, ынтымақ пен ырыстың жылы болғай! 

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жаңару мен жаңғыру жолына түскен жаңа Қазақстан қарыштап дамып, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» орнасын.

Халқымыздың әл-ауқаты артып, қоян жылы қуанышыңызды еселеп, мерейіңізді өсірсін.

Сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге табыс тілеймін!

Жаңа жыл елімізге жақсылығымен келсін!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ