Жаңалықтар

«МедиаТДМ» платформасы іске қосылды

05.01.2023

Орталық Азиядағы тұңғыш «MедиаТДМ журналистер даярлау және оқыту платформасы» атты жаппай ашық онлайн курсы ресми түрде іске қосылды. Жобаны ҚазҰУ-дағы ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасы және Алматы қаласы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен жүзеге асырды. Жоба цифрлық, интерактивті және бұқаралық сипатымен ерекше. Курстар автоматтандырылған, инновациялық, инклюзивті әрі тыңдаушыға жеңіл.

Әл-Фараби атындағы кітапханада Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары мен Қазақстандағы ЮНЕСКО кафедраларының, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы мен СІМ, ҚР Президентінің мұрағаты өкілдері қатысқан кездесуді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің операциялық қызмет жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі Әсел Уәлиева ашып, Қазақ ұлттық университеті халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, отандық және шетелдік оқытушылар мен ғалымдардың 80-нен астам курстар жасап, платформаға орналастырғанын атап өтті.

ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Магнус Магнуссон кафедраның жаңа бастамаларын жоғары бағалады.

ҚР ІІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы Ардақ Бекенова ЮНЕСКО белсенділігінің үлкен спектрін, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестіктің маңызын атап өтті. Осындай тиімді қызметтің мәдени мұра, қоғамдық түсіністіктің қалыптасуы мен ақпараттың ашықтығын сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды. 

Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің басшысы Сергей Карпов еркін қоғамдық институттарды, атап айтқанда: журналистика және әлеуметтік желілерді қолдаудың, оқытудың, тренингтер өткізудің, еліміздің жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларының үздік халықаралық тәжірибесі негізінде кадрлардың білігін арттырудың маңыздылығын айтып өтті.

Шараға Огайо университеті (АҚШ) Журналистика мектебінің профессоры, Халықаралық журналистика институтының директоры Джатин Сривастава қатысып, журналистік білім берудің жаңа формалары мен құралдары туралы тәжірибесімен бөлісті.

Орталық Азияның 19 университетіне арналған цифрлық, интерактивті әрі инновациялық онлайн курстарды www.open.kaznu.kz платформасында әлемнің кез келген жерінен кез келген адам оқи алады. Платформаға сегіз тілге аударылған мультилингвистикалық электронды оқу құралы да орналастырылды. «Журналистік қауіпсіздік», «Дау-жанжалға сезімтал журналистика», «БАҚ-та климаттың өзгеруі және тұрақты даму», «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін көрсету» деген жаппай ашық онлайн курстарын университеттің Академиялық және цифрлық инновациялар кеңсесі техникалық тұрғыдан қолдады.

     Жаппай ашық онлайн курстары ЮНЕСКО мен Халықаралық журналистер федерациясының оқу құралдарына негізделген. Осылайша Орталық Азия және Кавказ аймақтарында коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының идеяларын дамыту ауқымды жаңа деңгейге көтерілді.

 

Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі