- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жазушы атындағы байқау дәстүрге айналды
06.01.2023«Дүние-мүлік мұра емес, балаға әкенің өмірде алған жақсы атағы мен істеген үлгілі ісі мұра», – деп жазады Әз-аға. Әз-ағаның артында қалған өз ұрпағы: екі ұлы және екі қызы әкенің өшпес рухани мұрасын дәріптеп, ардагер қаламгердің өмірі мен шығармасын кейінгі жастарға үлгі етіп, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Енді ұрпақ тәрбиесінде ерекше орны бар, он жылға жалғасқан шығармашылық байқау туралы бірер сөз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көп жылдан бері еңбек ететін филология ғылымының докторы, профессор Жанар Әзілханқызы алғаш 2012 жылы халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдық мерейтойына орай, студент жастар мен жоғары сынып оқушылары арасында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған поэзиялық және прозалық туындыға байқау жариялады. Сол жылы байқауға 85 өтініш келіп түсті. Байқау қорытындысы бұл бастама жас оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызғанын көрсетті. 2013 жылдан бастап жазушының отбасы «Жастар арасында жыл сайын берілетін Ә.Нұршайықов атындағы стипендия» тағайындады.
Әр жылы байқау ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің «100 кітап» жобасы аясында жүргізілді.
2012 жылғы байқауға тек Алматы қаласының ЖОО студенттері мен жоғары сынып оқушылары қатысып, филология факультетінде 85 сайыскер бір жарым сағат ішінде «Жазушының өмірі мен шығармашылығы» бойынша өз еңбектерін жазып, әділқазылар алқасына тапсырды. Одан кейінгі жылдары байқаудың тақырыбы мен ауқымы кеңейіп, «Адам және әлем» деген атпен бүкіл республика көлемінде қазақ және орыс тілдерінде байқау жарияланды.
2012 жылдан 2019 жылға дейінгі байқауға барлығы 463 студент пен жоғары мектеп оқушысы 854 шығармамен сайысқа түсті. Бұл шығармаларды кафедра оқытушылары арасынан арнайы құрылған әділқазылар алдын ала бір апта бойы оқып, саралап, нәтижесінде әр жылдары жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар диплом мен қазақ, орыс тілдері бойынша жеке-жеке 1, 2 және 3- дәрежелі стипендия, сондай-ақ ынталандыру сыйлығымен, ардагер жазушының факсимилесі қойылған кітаптармен марапатталды. Ал үздік шығармалар кафедрада екі тілде шығатын «Дайджест педагогических новаций» атты журналда және жазушы Ә.Нұршайықовтың http://nurshihov.kz/ru/ сайтында жарияланды.
«Өнер – сезім тілі». Қандай да бір өнер туындысы адам сезіміне қозғау салумен бірге, баяндалған оқиғаны басынан кешкендей күйге түсіріп, эстетикалық ләззатқа бөлейді. Сөз өнерін ғана емес, өнердің барлық түріне сүйіспеншілікпен, шығармашылықпен қарайтын Жанар Әзілханқызы әрқашан ізденіс үстінде жүретін адам. 2019 жылы ұйымдастырушыларға сурет өнерін де байқап көру идеясын ұсынды. Осыған орай, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романынан таңдап алынған қысқаша үзіндіге иллюстрация ретінде түрлі техникамен орындалған (акварельмен, майлы бояумен, пастельмен) фотосуреттер мен көркем суреттерге байқау жарияланды. Нәтижесінде 2019-2021 жылдары 40-қа жуық жұмыс келіп түсті. Арнайы құрылған әділқазылар алқасы бұл байқаулардың да қорытындысын шығарып, арнайы белгіленген сыйақылармен марапаттады.
Аталған байқаулар 2015 жылға дейін университет қабырғасында өткізілсе, 2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында Ә.Нұршайықовтың мемориалдық кабинеті ашылуына орай, кітапхана басшылығы байқау қорытындысын сол білім ордасында өткізуге ұсыныс жасады. 2016 жылдан 2022 жылға дейін шығармашыл студент жастар мен оқытушылар арасында әсерлі әдеби кеш пен байқау қорытындысы ҚР Ұлттық кітапханасының кіші залында өткізіліп тұрды. Кештен кейін жастар жазушының мемориалдық кабинетін тамашалап, естелікке суретке түсіп, алған әсерін айтып жүрді.
Бұл сайыстың нәтижесі жастарға өзге байқаулар секілді болашаққа нақты жолдама беріп, өмір жолдарында кездесетін есікті айқара ашпаса да, уақытты босқа өткізбеуге, ізденуге, өздерінің қолынан іс келетініне сенуге, күресе білуге шақыру, әділеттіктен үміт үзбеу, өмірде жақсы адамдар бар екеніне, өзімен пікірлес өзге жастардың да бар екеніне көздерін жеткізуге көмектеседі.
Байқау арқылы жастарды әдебиетке, өнерге, әдемілікке баулу, тілін құрметтеу, сол арқылы елін құрметтеу сияқты ұлы сезімдерді бойларына сіңіру аталған бастаманың түпкі мақсаты болды. Әзілхан аға өзінің бір сөзінде: «Тәрбие екі түрлі: жұдырық және жүрек тәрбиесі. Жұдырықпен сіңірген тәрбие жүз жылда да жұқпайды. Жүрек тәрбиесі жүз жыл балталасаң да бұзылмайды», – деп еді. Әке тәрбиесін бойына әбден сіңірген, үлкенге құрмет, кішіге ізеттіліктен танбайтын, табиғи болмысы қарапайым Жанар Әзілханқызы жыл сайын байқаудың ұйымдастыру жұмысын шынайы сүйіспеншілікпен, үлкен ыждағаттылықпен атқара жүріп, өз мақсатына жетті деп ойлаймыз.
Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың туғанына 100 жыл толды. Жазушы атындағы байқау жарасымды дәстүрге айналды.
Гүлбағиза МҰСАЕВА,
Мұхтар ЕШИМОВ,
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті