Жаңалықтар

Студенттер қайырымдылық шарасына қатысты

11.01.2023

География және табиғатты пайдалану факультетінің «6B07303 – Жерге орналастыру» мамандығының 4-курс студенттері таяуда биылғы Балалар жылы аясында Алматы қалалық білім басқармасының арнайы мамандандырылған «Жанұя» кешеніндегі ата-анасынан ерте айырылған балаларға қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды.

Осы аталған мекеменің №5 балалар тобындағы тәрбиеленушілерге материалдық көмек беріп, кешендегі құрылыс-жөндеу жұмыстарына үлес қосты. Нәтижесінде 4-курс оқу тобының атынан барған студенттер тәрбиеленуші балаларға киім-кешек, көптеген сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ тәрбиеленуші балалардың түрлі спорт, көркемөнерпаздар байқаулары бойынша аудандық, қалалық сайыстардағы жетістіктеріне арналған «Қабырға бұрышын» жасауға жәрдем берді. Студенттердің қамқорлығына ерекше риза болған бөбектер ән салып, өлең оқыды. Д.Болғамбаева, Б.Шулаев, М.Зияданов сынды балдырғандардың өнеріне тәнті болдық.

Мекеме әкімшілігі, тәрбиешілер К.Намазбаева мен А.Байылбекова және тәрбиеленуші балалар студенттерге алғыс айтты.

Студенттердің қайырымдылық іс-шарасы әрбір баланың жанына жылулық ұялатып, болашаққа сеніммен қарауға және қоғамда мейірім шуағын шашатынына көз жеткізді.

 

Өкетай САҒЫМБАЙ,

г.ғ.к., «Жерге орналастыру» мамандығының

4-курс куратор-эдвайзері