- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылымға қадам студент шақтан басталады
11.01.2023ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде «Студенттік ғылыми қоғам» ұйымының ұйымдастыруымен «Ғылымға бір қадам» атты ғылыми іс-шара өтті.
Ғылыми іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің ғылымға деген ынтасын арттыру және студенттер мен оқытушылар арасындағы байланысты нығайту. Ал оның өзектілігі, ғылыми іс-шара арқылы студенттерге факультеттің белгілі ғалымдарын таныстыру, физика-техника саласындағы тың мәліметтерді игеріп, өзекті тәжірибелерді көру арқылы маңыздылығын түсіну.
ҚР ҰҒА корреспондет-мүшесі, Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Медеу Әбішев астрофизиканың қазіргі таңдағы өте өзекті мәселелері мен жетістіктері жайлы айтып берді. Студенттер үлкен жарылыс ерекшеліктері, қара құрдым суретке түсіру, Джеймс Уэбб телескобы жаңалықтары жөніндегі сауалдарға жауап алды. Сондай-ақ ғалым астрофизикадағы перспективалы бағыттарға шолу жасап, бақылаудың жаңа тәсілдерін іздеу жайлы баяндады. Профессор «Қараңғы материя» туралы соңғы мәліметтермен бөлісті. Жерден 1600 жарық жылы арақашықтығында орналасқан және массасы Күннен 10 есе көп қара құрдымның ерекше қасиеттеріне тоқталды.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, дарынды жас ғалымдарға арналған ҚР Мемлекеттік стипендиясының үш мәрте иегері, ҚазҰУ «Үздік жас ғалымы» дипломының иегері, «Ғылым көшбасшысы» тәуелсіз сыйлығының иегері, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мерлан Досболаев өзінің ғылыми азығына айналған плазмалық кристалл физикасы жайлы қызықты мәліметтермен бөлісіп, «Тесла трансформаторы» қондырғысымен таныстырды. Тесла трансформаторы – индукциялық және резонанстық құбылыстар негізінде жұмыс істеп, жоғары вольтты кернеу тудыратын электртехникалық құрылғы. Осы трансформатордың тозаңды плазма және плазмалық технологиялар лабораториясында құрастырылған үлгісі жарты миллионға жуық кернеу, сәйкесінше, өзінің маңайында жоғары жиілікті электрмагниттік өріс тудыра алады. Демонстрациялық эксперимент кезінде Тесла трансформаторы резонаторының ұшында 15 см разрядтық ұшқын пайда болып, оның маңайында орналасқан люминесценттік газдық разрядты шамдар күшті жарық берді. Бұл сымсыз байланыс негізі екен.
Сонымен қатар Мерлан Қылышұлы өзі шығарған физикалық жұмбақ жасырып, студенттер арасында қызықты ойын ұйымдастырды. Жеңімпазға Илон Маск туралы жазылған «Жынды данышпан» кітабын сыйға тартты.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтар Исатаев «Аэродинамика» саласында белсенді ғылыми жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ «Турбулентті ағындардың құйынды құрылымын және біртекті ағынның шекаралық қабатын дамытуды зерттеу» тақырыбы бойынша негізгі орындаушы болып саналады. Қазіргі уақытта практикалық аэродинамикадағы маңызды зерттеу бағыттарының бірі – үйкелісті азайту мәселесін шешу. Газ ағынының үйкелісін азайтудың көптеген әдістері белгілі. Үйкеліске төзімділікті басқарудың тиімді әдістерінің бірі перфорацияланған беттерді қолдануға негізделген. Атап айтқанда, Жылу физикасы және техникалық физика кафедрасында осы салада әртүрлі зерттеулер жүргізілді. Осы мәліметтерді студенттердің қаншалықты меңгергенін анықтау мақсатында «Kahoot» ойыны ұйымдастырылды. Елу студенттің арасынан 22 студент білімін сынады. Өзінің білімі мен білігін көрсету арқылы жеңіске жеткен студенттер арнайы алғыс хатпен марапатталды. Сыйлықтар табысталды. Ғылыми іс-шараның құрметті қонағы болған бірқатар профессор, оқытушыларға да физика-техникалық факультетінің арнайы алғыс хаты салтанатты түрде табысталды.
Сөйтіп, көрсетілген тәжірибелер мен айтылған ақпараттар қазіргі уақыттағы физиканың өзекті саласын қамтиды. Осы орайда, аталған іс-шара арқылы студенттер мен оқытушылардың қызығушылығы, өзара таныстығы біршама арта түсті. «Ғылымға бір қадам» атты осындай ғылыми іс-шараны факультетімізде дәстүрлі түрде өткізіп тұруға бел будық.
«Студенттік ғылыми қоғам» ұйымы студенттердің ізденуіне, еңбектенуіне мүмкіндік береді және сол арқылы жақсы маман болып қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі таңда ұйым студенттердің ғылымға деген қызығушылығы мен көзқарасын арттыру мақсатында түрлі ғылыми іс-шаралармен айналысуды қолға алды әрі оны жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Нұрзада БЕЙСЕН,
физика-техникалық факультетінің деканы
Аяжан ӘБДИ, Назерке ҚАЙРЕКЕНОВА,
физика-техникалық факультетінің 3-курс студенттері