- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Шығыстанушылар Сауд Арабиясы Корольдігінде кәсіби біліктілігін арттырды
18.01.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің тарихында тағы да бір елеулі жаңалық орын алды. Факультеттегі Арабтану орталығының ұйымдастыруымен бір топ арабтанушылар Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласындағы Король Сәлман атындағы халықаралық Араб тілі Академиясында араб тілін шетелдіктерге оқыту әдістемесіне арналған ғылыми-әдістемелік семинарға қатысып қайтты. Бұл іссапар қабылдаушы тарап Араб тілі Академиясы тарапынан қаржыландырылды.
Халықаралық семинардың негізгі мақсаты – қазақстандық араб тілі оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру. Географиялық жағынан қазақ жерінен шалғайда жатқан, ислам мен араб тілінің Отаны - Араб түбегіне арабтанушы мамандардың академиялық мақсаттағы алғашқы сапары табысты аяқталды. Халықаралық Араб тілі академиясының Бас хатшысы Доктор Абдулла бин Салих әл-Уәшми бастаған ұжым қазақстандықтарды өте жылы қарсы алып, қонақжайлылықпен құрмет көрсетіп, өзара байланысқа ашық екендігін көрсетті.
Король Сәлман атындағы Халықаралық араб тілі Академиясы Сауд Арабиясы Корольдігі Министрлер кабинетінің қаулысымен 2020 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған. Негізгі мақсаты – араб тілінің аймақтық және әлемдік деңгейдегі рөлін күшейту, араб-ислам мәдениетін терең тануға мүмкіндік беретін араб тілінің маңызын әлемге таныту. Сонымен бірге Академияның стратегиялық мақсатттарына араб тілінің тұтастығын сақтап қалу, оны Араб әлемі мен шет елдерде үйрену мен оқытуға көмек көрсету, араб тілінің дамуына қажет ортаны қалыптастыруға күш салу, араб тіліндегі мұраларды сақтап қалу үшін оларды зерттеп, жариялау; араб тілі мамандарына, ғалымдары мен зерттеушілеріне қолдау көрсету де жатады. Тарихи тұрғыдан алғанда, ғасырлар бойы ежелгі өркениеттер мен сауда жолдарының тоғысында болған Арабия түбегі әлемдік өркениеттерді бір-бірімен байланыстырды, сондықтан да оның мәдениеті терең әрі алуан түрлі бояуға ие. Жаһандану заманында саудтықтар да мәдениеті мен тілін дамытуға, тіліндегі халықтық рухты «жұмсақ күштің» көмегімен сақтап қалуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Араб тілі Академиясындағы бұл семинар араб тілін оқытудың заманауи әдістеріне арналып, қазақстандық арабтанудың жетістіктері мен проблемалары арнайы форумда талқыланды.
Бір аптаға созылған семинар өз мәресіне жетіп, Бас хатшы доктор Абдолла әл-Уәшми университет ұстаздарына халықаралық үлгідегі сертификаттар табыстады. Халықаралық семинар Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға өз септігінін тигізетіні сөзсіз, себебі тіл – халықтар арасындағы достықтың көпірін салудағы ең басты фактор.
Іссапар Батысты басып озып, әлемдегі озық елдер қатарына қосылуды көздеп отырған Шығыс елдері мүмкіндіктерінің мол екендігін көрсетті. Тек дін ғана емес, ғылым, білім, мәдениет және т.с.с. салалардағы байланыстарды дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналғанына көз жетті. Шығыстану факультеті халықаралық байланыстарының көкжиегі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Факультет қоржынында халықаралық үлгідегі сертификаттар саны тағы да молайды. Құтты болсын!
Баян Жұбатова
Шығыстану факультеті
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры