Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаеваның «Сыр-Арал этнографиясы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Ұлттық кітапханада өткен таныстырылымға белгілі тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, мұражай қызметкерлері мен жастар қатысты.
Жиылғандар алдымен қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстыратын көрмені тамашалады. Онда киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу, суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ жүзгін, көкбұта, сексеуіл, тораңғымен шегендеу әдістері ұсынылды.
Бұдан бөлек, шарада Сыр-Арал қазақтарына тән ұсталық және зергерлік өнер бұйым түрлері көрсетілді.
«Сыр-Арал этнографиясы» атты зерттеу еңбегінде автор ХІХ ғасыр – ХХ ғасырдың басындағы Сырдария өзенінің төменгі ағысы, Арал теңізінің шығыс, солтүстік-шығыс жағалауы қазақтарының дәстүрлі этнографиясы, өңірдегі қазақ ауылдарының дәстүрлі келбетін сипаттағанын тілге тиек етеді. Сонымен қатар кітапта Сыр-Арал өңірі қазақтарының ру-тайпалық құрамы, тарихи дәуірлерде орын алған көші-қон ағымдары, дәстүрлі шаруашылығы, мерзімдік қонысқа көші-қоны, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптағы аймақтық ерекшелігі кешенді түрде қарастырылған. Сыр-Арал қазақтарының аймақтық ерекшелігін айғақтайтын этнографиялық ескерткіштер далалық зерттеу материалдары негізінде айғақталған.
Тәттігүл Қартаева – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Зерттеу бағыты: тарихи этнография, ескерткіштану, этноархеология. Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі