- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ Иран ЖОО-ларымен серіктестігін кеңейтеді
19.01.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мохсен Фаганимен және Иранның Сыртқы істер министрлігінің аға сарапшысы, Фараби жұмыс тобының жетекшісі Муджани Гумимен кездесті. Жүздесу барысында қос тарап ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.
Құрметті меймандарды қарсы алған университет басшысы Жансейіт Түймебаев білім ордасы туралы ақпарат беріп, ҚазҰУ-дың Иран ЖОО-ларымен серіктестігінің артып келе жатқанын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS әлемдік рейтингінде 150-орынға, ал Азия елдері арасында 44-орынға көтерілді. ҚазҰУ қазіргі таңда Иран қорлары, университеттері, институттар және орталықтарымен тоғыз келісім жасасты. Атап айтсақ: Тегеран университеті, Шахид Бехести университеті, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени өкілдігі, Гуманитарлық және мәдени зерттеулер институты, Шахез Пажу зерттеу институты, Гуилиан университеті, Саади қоры және т.б. Бүгінде оқу ордасында «Әл-Фараби» орталығы табысты жұмыс істеуде. Орталық 10 мемлекетпен тығыз қарым-қатынаста. Иранның жоғары оқу орындарымен серіктестік дамыту мақсатында ортақ ғылыми конференциялар өткізіп, тарихи және мәдени кітаптарды бірлесіп шығаруға дайынбыз. Сонымен қатар ағымдағы жылы ҚазҰУ-да әл-Фарабиға арналған халықаралық форум өтеді. Сіздерді осы форум жұмысына шақырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.
Сөз соңында ректор құрметті меймандарды оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алдында көшбасшылық дәріс оқуға шақырды.
Өз кезегінде Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мохсен Фагани жылы қабылдағаны үшін университет ректорына ризашылығын білдіріп, бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді.
«Қазақстан – біздің Каспий аймағындағы тату көршіміз және ислам әлеміндегі жақын серіктесіміз. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде артып келеді. Екі мемлекеттің ғылымы мен білімін дамытуда студент алмасу, оқытушылардың тәжірибесін арттыру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажет. Иран Ислам Республикасы қазақстандық студенттерге арнайы білім гранттарын бөлуге дайын. Министрлік гранттар бойынша бірқатар нақты шараларды қарастыруда», – деді Мохсен Фагани.
Сондай-ақ кездесу барысында Иранның СІМ аға сарапшысы, Фараби жұмыс тобының жетекшісі Муджани Гуми сөз сөйлеп, Жансейіт Түймебаевқа Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер жинақталған кітапты сыйға тартты.
«Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты идеясы екі мемлекет үшін ортақ. Фараби терминологиясы бүгінге дейін әлі терең зерттелмей келеді. Біз «Әл-Фараби» орталығымен бірге аталған жобаны қолға алып, Фараби терминологиясын зерттемекпіз», – деді Муджани Гуми.
Кездесу соңында тараптар аталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласып, сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі