- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты
17.01.2023Тәуелсіз мемлекетіміз биылғы жаңа жылмен қатар, жаңа Қазақстан дәуіріне аяқ басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылды қорытындылай келе, «2022 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ, күрделі болды. Қаңтар айында тәуелсіздік тарихындағы зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық. Төл тарихымызға қарасақ, жұртымыз көптеген сындардан шыңдалып шыққан. Біз де қиындықтарды артқа тастап, алға қарай нық қадам бастық», – деп, жаңа Қазақстан жағдайында әділетті қоғам қалыптастыруға ел болып жұмылуға шақырды.
Өткен 2022 жыл Қазақстан үшін тәуелсіздік тарихындағы түбегейлі бетбұрыс жылы болды. Жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституция қабылданды. Жаңа саяси реформалар басталып, президенттік басқару сайлау арқылы бір рет жеті жылдық мерзімге белгіленіп, Парламент құзыреті күшейіп, сайлау жүйесіне де жаңа ережелер енгізілді. Әкімшілік-аумақтық реформалар жасалып, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Президент жарлығымен 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырды.
Билік пен халық арасында ашық диалог орнап, елдегі өзекті мәселелерді қарастыратын Ұлттық құрылтай өз жұмысын бастады. Бұл біздің біртұтас ел болып жаңғыру мен жаңару жолына нақты қадам басқанымыздың айқын көрінісі.
2022 жылдағы маңызды оқиғаның бірі – 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауы. Жалпыхалықтық сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 81,31 пайыз дауысқа ие болып, жаңа Қазақстанның көшбасшысына айналды.
Алдағы мақсат – әділетті қоғам қалыптастыруда күш біріктіріп, ел бірлігін нығайтып, мемлекет дамуын жаңа деңгейге көтеру. Бұл іргелі істе ғылыми қауымдастықтың атқаратын рөлі өте зор. Осы бағытта университетте бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір жыл ішінде QS WUR жаһандық рейтингінде 175-тен 150-орынға көтерілді. Жылдың басты жаңалығы – ҚазҰУ-ға Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесі берілді.
1 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚазҰУ-ға ресми сапармен келіп, жас ғалымдармен, студент жастармен кездесті. Мемлекет басшысы оқу орнымыздың қызметімен және алдағы жоспарларымен танысып, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін салу жоспарын бекітті.
Мемлекет басшысының қолдауымен және қатысуымен Түркияның Ыстамбұл қаласында және Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында ҚазҰУ филиалдары жұмыс істей бастады. Сонымен қатар ҚазҰУ-да Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды.
Бір жыл ішінде ҚазҰУ қалашығындағы оқу ғимараттары мен жатақханалар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи техникалар мен жаңа жиhаздар алынды. Екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, бөлмелерді кеңейту арқылы орын тапшылығын шешу жұмыстары жолға қойылды. Әр бөлмеге душ кабиналары орнатылып, құбыр жүйелері ауыстырылды. Қалашық аумағында жаңадан заманауи дәмханалар, ғаламтор-кафелер, дүкендер, кофеханалар мен көшірме орталықтары іске қосылып, «Магнум» дүкені ашылды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ҚазҰУ студенттері әлемнің беделді университеттерінде білімін жетілдірді. Желтоқсан айында ҚазҰУ-дың 50 қызметкері Түркияда тәжірибе алмасып, бір апта тегін демалып қайтты.
ҚазҰУ-да жастардың ғылыммен айналысуына, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге жол ашатын «Жас ғалымдар клубы» мен «Жас ғалымдар қоры» құрылуда. ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Олардың ішінде 49-ы – Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпазы. Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері Қазақстанда және шетелдерде жоғары бағаға ие.
2022 жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалды. Бұл ҚазҰУ жастарының жоғары ғылыми-инновациялық әлеуетін көрсетеді.
Ғұлама ғалым әл-Фараби «Бір елдің болашағын білгің келсе, ол елдің жастарына қара» деген. Жаңа Қазақстанның туын жықпай, мемлекетімізді биіктерге көтеру – жастардың қолында. Біздің басты мақсатымыз – оқытушылар мен білім алушыларға ары қарай да жағдай жасау. Ел ертеңі – жастарға сапалы білім беру, ғылыми кадрларды даярлау, мемлекет дамуына қызмет ететін кәсіби мамандарды тәрбиелеу.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында: «Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ. Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз», – деп зор сеніммен атап өткен болатын.
Бұл жолда бірлік пен ынтымағымызды нығайтып, әділетті Қазақстан қалыптастыруға әрқайсымыздың ерекше үлесіміз болуы тиіс.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректоры