Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымы «Дипломатиялық қызметке – 30 жыл» медалімен марапатталды

26.01.2023

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Мәшімбаева Гүлмира Амангелдіқызын «Дипломатиялық қызметке – 30 жыл» медалімен марапаттады. Ғалымға атаулы марапатты ҚР СІМ Алматы қаласы өкілдігінің басшысы Бақытжан Бөлегенов табыстады.

Халықаралық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымының кандидаты Гүлмира Амангелдіқызы дипломатиялық қызметтің 30 жылдығына орай, ҚР Сыртқы істер министрлігі шығарған «Қазақстан Республикасы консулдық қызметінің хронологиясы» кітабын дайындауға белсенді қатысты.

Кітап тәуелсіз Қазақстанның консулдық қызметінің қалыптасу тарихын сипаттайды. Басылымға еліміздің консулдық қызметінің негізін қалауға және дамытуға зор үлес қосқан дипломатиялық қызмет ардагерлері, елшілер мен дипломаттардың тарихи очерктері мен естеліктері және нақты деректер енгізілген.

Жиырма бес жылдан астам уақыт халықаралық құқық саласында үздіксіз еңбек етіп жүрген ғалым Гүлмира Мәшімбаева аталған сала мамандығының студенттері үшін «Дипломатиялық және консулдық құқық» курсын әзірлеп, ҚР СІМ жүйесі органдары үшін кадрлар даярлауға зор үлес қосып келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі