- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Генетик-ғалымның биік белесі
27.01.2023Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінің Молекулалық биология және генетика кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы Зарема Бияшеваны 70 жылдық мерейтойымен құттықтайды.
Зарема Маратқызы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті биология факультетінің үздік түлегі. ҚазМУ-да 1975-1994 жж. интерн-зерттеушіден Дарвинизм және генетика кафедрасының аға ғылыми қызметкеріне дейінгі баспалдақтан өтті. Аспирантураны КСРО Ғылым академиясы Сібір филиалының Цитология және генетика институтында (Новосибирск) сырттай оқып бітіріп, «Генетика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
1994 жылдан 2002 жылға дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың базалық Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің ғылыми хатшысы болды. Биохимия және өсімдіктер физиологиясы кафедрасының, одан кейін Экология кафедрасының ассистенті ретінде хатшылық қызметті педагогикамен ұштастырды. Зарема Бияшева бірқатар мамандықтар бойынша жоғары білім беру мемлекеттік стандарты макет авторларының бірі.
2002 жылдан бастап Зарема Маратқызы ҚазҰУ-дың Экология және топырақтану кафедрасының доценті, ал 2012 жылдан бастап Молекулалық биология және генетика кафедрасының профессор қызметін атқарушы. Әртүрлі басылымдарда 120-дан астам мақаласы жарияланған, соның ішінде бірлескен авторлықтағы 10-нан астам оқу құралы жарық көрген.
Көрнекті ғалым Биология және биотехнология проблемалары ғылыми-зерттеу институтында 2015-2017 жж. іргелі зерттеулер бағдарламасы бойынша жобаны басқарды. 2018-2020 жж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранты бойынша «Радон изотоптарының халыққа рак-радиогендік зақымдануы және оны биотесттердегі альфа-бөлшектердің сәулелерінде модельдеу» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетекшісі болды.
Таяуда б.ғ.к., доцент Зарема Маратқызының 70 жылдық мерейтойына арналған «Генетикалық процестерді пәнаралық зерттеу: шындық және перспективалар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтеді.
Молекулалық биология және генетика кафедрасының ұжымы Зарема Бияшеваны мерейтойымен шын жүректен құттықтап, жаңа кәсіби жетістіктер мен шығармашылық табыс тілейді.
Ақерке СЕРБАЕВА,
Жазира ЖҮНІСБАЕВА
Молекулалық биология және генетика кафедрасы