- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Бүтін бітім иесі
27.01.2023Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бар асыл
қасиетті бойына дарытқан бүтін бітім.
(Зейнолла Қабдолов)
Ұстаз – шәкірт жанының шамшырағы іспетті. Жаныңа жарық нұр құйған жанның ұлағаты жадыңда мәңгі жаңғырып, санаңда өшпестей боп жарқырап тұрады. Мен таныған тәлімгерлерден «шәкіртімін» деп мақтана айтатын бірден-бір кісі болса, ол – менің сүйікті ұстазым, филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбай.
«Менің ұстазым» деп меншіктей жазғанымды қалың шәкірті кешіре жатар. Алайда алдынан өтіп, дәрісін тыңдағанда, жанына жақын тартқан мың шәкірттің әрқайсысы біз секілді өзімсіне «менің ұстазым» деп іштей өзінің ғана ұстазы санағанымен, Анар Бекмырзақызы – сол мыңның бәріне бөле-жармай бірдей қараған үлкен жүректің иесі. Міне, жанымызда жүрген жақсы жан алпыстың асуын алқымдағанда, дәрісін тыңдаған қысқа уақыттың ішінде тұлғалығынан тапқан асыл қасиетін, шәкірттік ыстық ықыласпен аз-маз сөз еткім келеді. Меніңше, нағыз ұстаздық асыл арнаның айнымас үш бастауы болса керек. Алғашқысы – телегей теңіздей білімі. Теңіздей деуімде де мән бар, теңіздің де тұщылығы тамшысынан білінгеніндей, айтқан әр сөзінен көрініс табуы шарт. Екіншісі – өміріммен өзектес, тұлғаммен тамырлас деп таңдаған мамандығындағы біліктілігі, өмірдің өз мектебіндегі дәрістен жинайтын ұлағат. Соңғысы – ортасына сыйлы кісілік келбет. Осы санамалай жазған үш анығым Анар апайымның бойында тұтаса тоғысып, бір-бірімен кіріге жымдасып жатқанын азғана уақытта байқағанымды айтайын.
Алдымен – білімділік дедік. Бұл талап біз барып бағаламасақ та, берісі – шәкірттері түгіл, әріптестері, арысы – апайымыздың өз ұстаздары мойындаған талап дер едік. Аузынан шыққан әр сөзі уәлі. Біз тыңдаған дәріс – апайдың өзі қопара қазып, үдете жазып, зерттеген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы» пәнінен болды. Ұстаздың шынайы болмысын ашатын – сүйкімді кейпі, ықтиярлықпен таңдалған қазақи киімі, әшекейі, жан-жағына шуақ шашатын жымиысы, әуезді үні – бәрі-бәрі жарасым тауып, шәкірт назарын өзіне аудармай тынбайтын. Апай аудиторияға кіргенде, «ә» дегеннен орнайтын тылсым тыныштықтың алғашқы минуттары міндетті түрде ұлттық тәрбие хақында болды. Сондай дәрістің бірінде апайымыз сөзін «Аудиторияға сұрақ» деп бастап: «Абай айтқан толық адам сіз бе?» деп ойландырды, тосын сұраққа ешкім батылы жетіп, қол көтермеді. Апай келесі дәріске дейін осы сұраққа ойланып келіңдер деген, келесі дәрісте де жоғарыдағы жай қайталанды. Сонда апайымыз назды үнімен «Сендер текті елдің ұрпағысыңдар, ең ұлы тілде сөйлейсіңдер, түсінесіңдер, барлығың толық, кемел адамсыңдар» деп рухымызды көтеретін. «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Апайымыз осылай санамызды бір сілки шабыттандырып, ары қарай сөзжасамның дәрісін жалғайтын. Апай айтқанның әрбірі кеудемізге қонақтап, білгірліктен туған ой ағындары тереңіне тартып, ұйытып-ақ тастайтын. Әр сабақ осылай өтетін, әр студент ұстазын асыға күтетін...
Екінші – ұстаздық біліктілік дедік. Дәрісінде бір тыным таппай, әуезді үні аудиторияның бұрыш-бұрышына жайғасқан әр «ізденушіге» жететіндей етіп, әрі-бері жүріп түсіндіреді. Ара-тұра апаймен ілесіп, даусымды аса шығармай айтқандарымды аудиторияның ана басынан естіп, жаныма келіп, «осыны білген ақылыңнан айналайын» деп арқамнан қағып мақтағанында, бойымды ерекше сезім баурайтын-ды. Пікір білдіргенде әрқайсымызды осылай шабыттандырып, біз өзімізді ұлы жаңалық ашқан ғалым сезініп кететін кездер де болатын. Бұл әсердің барлығы Анар апайымның шебер әдіскерлігінен деп білемін.
Соңғы шарт – кісілік келбет дедік. Бұған да сан рет куә болдық. Мұндай жайдың есімдегісі – ғалым, профессор С.Бизақұлының 85 жас мерейтойына арналған Ұлттық кітапханадағы семинарда А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның қайта-қайта ұстазымызды «барлығымыз жақсы көретін» деп хабарлай шақырып, кісілік келбетін аша түскен еді. Анар апайым бар ортада осындай жүзі жарқын, сыйлы адам екеніне сонда кезекті рет көзім жетті.
Қорыта келе, Анар апай – «Алты алаш жиылса, төр – ұстаздыкі» деген қанатты сөзге айналған Мағжан ақын тұжырымының жанымызда жүрген жарқын мысалы. Тәлімгер, ғылыми жетекші, оқытушы дейтін тар шеңбердің аясына сыймайтын, ұстаз деген ұлы ұғымға әбден лайық жан, бүтін бітім иесі.
Арайлым ЗЕБЕРХАН,
филология факультетінің 2-курс студенті