- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ ғалымдары Digital Almaty халықаралық форумына қатысуда
02.02.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары мен білім алушы жастары Алматыда өтіп жатқан «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» атты халықаралық форум жұмысына қатысуда.
Инновациялық технологиялар индустриясын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлерін талқылаған форумда әлемдік халықаралық сарапшылар, IT-қоғамдастық, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бас қосып, тәжірибе алмасуда.
Цифрландыру саласындағы шараға ҚазҰУ ғалымдары білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды таныстырды. Алғашқы ұсынылған жоба «Жетілдірілген IBOX-әмбебап виртуалды құрылғы агентінің платформасы». Жобаның негізгі мақсаты зертханалық және өнеркәсіптік жабдықтардың жұмысын бақылаудың отандық бағдарламалық-аппараттық кешенін әзірлеуге бағытталған.
Келесі ғылыми жоба «Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар». Аталған жобаның миссиясы – ішкі туризмді дамыту арқылы ел экономикасын әртараптандыру және Қазақстанның туристік бағыттары туралы ақпаратты шоғырландыру болып табылады.
Ал «Al-Farabi сериялы университеттік наноспутниктерді әзірлеу және құру» жобасы бүгінге дейін Al-Farabi-1 және Al-Farabi-2 наноспутниктерін ұшырған жемісті жоба. Әлемдегі ең беделді университеттер мен коммерциялық ұйымдар осындай шағын ғарыш аппараттарын әзірлеу және құрумен айналысады. Жобаның негізгі мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу саласында студенттердің білімі мен біліктілігін дамыту, командалық жұмыс, тайм-менеджмент сынды дағдыларды жетілдіру.
«Наноматериалдарға негізделген қабылдағыштар» жобасы өнімнің сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік беретін қабылдағыштарды жасау кезінде сенсор ретінде заманауи нанотехнологиялық тәсілдерді қолданады.
Алдын ала дабыл, ескерту беруді қажет ететін мекемелер өнімнің негізгі тұтынушылары болуы мүмкін. Олар: мектеп, ЖОО, өнеркәсіп орындары және т.б.
Сондай-ақ ауқымды шараға ҚазҰУ-дың «Компьютерлік инженерия», «Информатика», «Жүйелік инженерия», «Информатика» сынды білім беру бағдарламалары ұсынылды. Білікті IT мамандары бас қосқан шара екі күнге жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі