Жаңалықтар

Вэйн ВАНТА: Жетістіктерді өзгелермен бөлісуді жөн көремін

07.02.2023

Вэйн Ванта – АҚШ-тың Флорида университетінің профессоры. Ол халықаралық деңгейде саяси коммуникация және медиа ықпал саласындағы зерттеулерімен танымал. Екі жүз референттік жарияланымы мен конвенциялық баяндамалары бар. Профессор 50 елде дәріс оқып, ғылыми баяндамалар жасаған және сегіз кітаптың авторы.

Ғалым журналистика мен бұқаралық коммуникация саласындағы білім беру қауымдастығының президенті қызметін атқара отырып, журналистік білім беруде маңызды көшбасшылық рөл атқарды. Ванта Дүниежүзілік журналистика білімі конгресінің екі отырысының делегаты болды. Ол сондай-ақ ұлттық журналистиканы аккредиттеу кеңесінде қызмет етті және екі рет AEJMC білім беру стандарттары комитеті президенттігіне сайланды.

– АҚШ-та магистратура және бакалавриат бағдарламалары бір-бірінен өте ерекшеленеді. Бакалавриат бағдарламасында кәсіби дағдылар курстары басым. Журналистика студенттері жаңалық тарату туралы ақпараттарды бастапқы курста үйренеді. Жоғары курста журналистік зерттеу, редакциялау, дизайн және басқа да бірнеше салалар бойынша мамандандырылған курстар қатар оқытылады. Жақында осы салаға деген қызығушылық жоғары болғандықтан, спорт журналистикасы мамандығын қостық. Дәл осындай құрылым біздің басқа бөлімдерімізде жарнама, қоғаммен байланыс және телекоммуникация саласында қолданылады. Біз журналистика тарихы сияқты салаларда элективті курстарды ұсынамыз. Мен «БАҚ және саясат» атты пәннен сабақ беремін. Сабаққа журналистикадан басқа да мамандықта оқитын студенттер қатысады. Біздің магистратура бағдарламаларымызда зерттеу курстары басым. Магистратурада медиа теориясы, саяси коммуникация, халықаралық коммуникация, денсаулық сақтау саласындағы коммуникация және басқа да бірнеше салалар бойынша курстар бар. Олардың барлығы магистранттарды ғылыми зерттеуге баулиды. Сондай-ақ зерттеу әдістемесі бойынша пәндерді ұсынамыз. Соның ішінде сауалнамалық зерттеулер мен мазмұнды талдауларды өзім жиі өткіземін. Бұл курстар магистранттарға да, PhD докторанттарға да қолжетімді. Сонымен қатар бакалавриат бағдарламасы сияқты кәсіби шеберлік курстарына көбірек бағытталған кәсіби магистр дәрежесін де ұсынамыз. Бағдарлама құрылымының бұл түрін АҚШ-тың көптеген университеттерінен табуға болады.

Америкадағы журналистика курстарын ұсынатын 300-ден астам университеттің шамамен жетпіс-сексенінде PhD дәрежесі беріледі. Дегенмен  PhD бағдарламалары көбінесе ірі мемлекеттік университеттерде және кейбір ғылыми зерттеуге негізделген жекеменшік университеттерде оқытылады. Бакалавриат бағдарламалары аккредиттеу стандарттарына байланысты өте ұқсас. Бұл стандарттар университеттерден кредиттік сағаттар мен курс түрлеріне қатысты бірнеше ережені сақтауды талап етеді. Мен аккредиттеу кеңесінде болған кезде АҚШ-тағы 300 журналистика бағдарламасының 130-ға жуығы аккредитациядан өтті. Біздің PhD докторларымыздың барлығы дерлік ғылыми стипендиялар арқылы қаржыландырылады. Ерекшеліктері – шетелдік студенттер өз елі тарапынан қаржыландырылады. Кейбір шетелдік магистранттар да өз елінің қаржысына оқиды.

Ғылымға алғаш келгенде жолы болған ең бақытты жанның бірімін деп айта аламын. Себебі Техас университетінде магистратураға оқуға түскен кезде медиа саласындағы ең танымал ғалымның бірі Максвелл Маккомбспен жұмыс істедім. Сондықтан ғылым жолында тәлімгердің қаншалықты маңызды екенін айтқым келеді. Профессор Максвелл Маккомбстың маған берген тәлімгерлік білімін студенттеріме беруге тырыстым. Көптеген жылдар бойы өте қабілетті, тамаша студенттермен жұмыс істеу бақытына ие болдым. Жалпы, мен жеке зерттеулерді көп жүргізбеймін. Жетістіктерді өзгелермен бөлісуді және бірлескен авторлармен жұмыс істегенді жөн көремін. Осы күнге дейін 100-ден астам автормен жұмыс істедім, – дейді ол.

Профессорға «Жалпы, қазіргі журналистика туралы ойыңыз қандай?» деген сауал қойдық.

– Қазіргі кезде әлемдік журналистік білім беру саласы өзінің оқу бағдарламасының ең жақсы үлгісін табу үшін күресуде. Бір жағынан, журналистика білімі репортаж бен редакциялаудың негізгі талаптарына назар аударуы керек. Себебі жақсы журналист болудың негізі – осылар. Бірақ технология күн сайын өзгеріп жатқандықтан, оқу бағдарламасы арқылы озып кету оңай емес. Ашығын айтқанда, журналистика саласының болашағы бұлыңғыр, – деп Вэйн Ванта өз пікірін білдірді.

Ванта бұқаралық коммуникация теориясы, зерттеу әдістемесі, интернет-зерттеу, спорттық репортаж, жаңалықтарды өңдеу және дизайн бойынша курстардан сабақ берді. Ол осы уақытқа дейін Журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Профессор Вэйн Ванта 2022 жылғы 24 қазаннан 18 қарашаға дейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2022 жылы шетел ғалымдарын республикалық бюджет есебінен тарту бағдарламасы бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Әлеуметтік желі ғасырындағы медианың ықпалы» тақырыбында дәріс өткізді. Сонымен қатар профессор Ванта Қазақ радиосы ұжымына «Медианың ақпарат таратудағы мүмкіндіктері» тақырыбында презентация жасады. Профессор университет оқытушылары мен жас ғалымдарына арнап «Академиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жазу» тақырыбында семинар өткізді. Семинарға университеттің алты факультетінен ғалымдар қатысып, профессордың Scopus деректер базасындағы журналдарға мақала жазу туралы тәжірибесімен танысты. Профессор Вэйн Ванта журналистика факультетінің 1-курстағы екі докторантына ғылыми жетекші болып тағайындалды және олардың тақырып таңдауы мен ғылыми жұмыстарының жоспарын жасауға көмектесті. Оқытушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттарға өте пайдалы дәріс болды.

          – АҚШ-тағы әрбір университет өзінің зерттеу бағдарламасын әртараптандыруға ұмтылады. Қазақстан Еуропаның да, Азияның да бөлігі болып табылатын және бұрынғы Кеңес Одағымен байланысы бар көпмәдениеттіліктің ең жоғары деңгейін ұсынады. Мен студенттерге жоғары сапалы жарияланымдары бар ғалымдардан үйрену қажет екенін айтамын. Біздің бәріміз өз зерттеулерімізді басқалардың да оқығанын қалаймыз. Сондықтан қарапайым электронды пошта кейде ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа әкелуі мүмкін. Менің зерттеуімнің бір бөлігі жаңалықтардағы «объектілер» туралы БАҚ-тың ақпараты біздің пікірімізге әсер ету үшін «атрибуттарды» сол нысандармен қалай байланысуына бағытталған. Медиадан Орталық Азия туралы көп ақпарат таба алмаймыз, сондықтан менің Қазақстанмен байланыстыратын атрибуттарым жеке тәжірибемнен алынған және олардың барлығы өте жақсы. Осы уақытқа дейін әлемнің 79 елінде болдым. Мен үшін баратын елдің ең маңызды аспектісі – сол елдің адамдары. Қазақтар өте мейірімді, қонақжай халық. Мұндағы тағамдар да керемет. Мен мұнда технологияның қолданылуына таңғалдым. Мәселен, ұялы телефонды адамдар АҚШ-тағы тәжірибеге қарағанда басқа да қызмет көрсету үшін көбірек пайдаланады екен. Менің Қазақстанға екінші сапарым өте қызықты болды, – деп сөзін қорытындылады шетелдік ұстаз.

Қарлыға МЫСАЕВА,

ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор,

журналистика факультеті деканының орынбасары