- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да журналист Ержұман Смайыл атындағы аудитория ашылды
10.02.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде белгілі журналист, публицист, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержұман Смайыл атындағы аудитория ашылды.
Іс-шараға көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, ҚР МСМ Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев, белгілі қоғам қайраткерлері, газет және журналдардың бас редакторлары, танымал журналистер, Ержұман Смайылдың жұбайы Жақан Сүлейменқызы, достары мен әріптестері, шәкірттері, ұрпақтары, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы және студенттер қатысты.
Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде ректор Ержұман Смайылдың еңбек жолына тоқталды.
«Ержұман Өтешұлы 1948 жылы Алматы облысы Талғар ауданында дүниеге келген. Журналистік жолын «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі болып бастады. «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары болды. «Егемен Қазақстанға» қайта оралып, шыншыл, әділетті журналист, мықты редактор ретінде танылды. «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редактордың бірінші орынбасары, бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды. Шығармашылық жолда табысқа жетіп, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты болды. БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспей, қазақ журналистикасына адал еңбек етті», – деді Жансейіт Түймебаев.
Дәрісхананың ашылу рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы құттықтау хат жолдады. Хатта: «Ержұман Өтешұлы «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі ашылып жатқан оқу аудиториясы БАҚ саласында қайталанбас із қалдырған журналиске деген құрмет деп білемін. Жаңа аудиториядан ақпарат саласында адал қызмет ететін журналистер шығады деген үміттемін», – делінген.
Өз кезегінде көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин сөз сөйледі.
«Ержұман Смайылмен бірге көп жылдар бойы жұмыс істедім. Ол бар ғұмырын журналистиканы дамытуға арнап, болашақ ұрпаққа бай рухани мұра қалдырды. Өзінің адалдығы мен әділдігі үшін Ер-аға есімімен тарихта қалды. Ол қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиеледі. Бүгінгі аудиторияның ашылғанына өте қуаныштымын, оның үлесі мен еңбегін біз ешқашан ұмытпаймыз», – деді Нұрлан Оразалин.
Сондай-ақ жиында ҚР МСМ Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев ұстазын ерекше толғаныспен еске алды.
«Қазақ журналистикасында Ержұман Смайылдың орны ерекше. Бар ғұмырын ел газетіне арнады. Алып тұлғаның шәкірті болғаныма қуаныштымын», – деді Қуат Борашев.
Сонымен қатар басқосуда Ержұман Өтешұлының достары мен шәкірттері сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі