Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Дубайдағы SUN Директорлар кеңесі отырысына қатысуда

15.02.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев 8-ші Бас Ассамблея және Жібек жолы университеттері желісі (Silk Road Universities Network) Директорлар кеңесінің отырысына қатысуда. Ауқымды шара Дубай қаласындағы Канада университеті базасында ұйымдастырылды.

Жібек жолы университеттері желісі – «Жібек жолы рухын» қалпына келтіру және Жібек жолының құрлық пен теңіз бағыттарында орналасқан университеттерді біріктіру әрі болашақ көшбасшыларды даярлау арқылы бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен өркениеттің шығармашылық дамуына үлес қосу мақсатында құрылған ұйым. «Жібек жолы рухы» – шығыс пен батыс арасындағы көпірдің символы. 


Жібек жолы университеттері желісіне әлемнің 28 елінен 81 жоғары оқу орны мен институты кіреді.

2015 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – осы ұйымның негізін қалаушы және SUN Директорлар кеңесінің мүшесі.

Айта кету керек, 2019 жылы 18-21 қыркүйек аралығында Жібек жолы университеттері желісінің (SUN) 5-ші Бас Ассамблеясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында өтті. Оған университет ректорлары мен проректорлары және SUN Бас хатшысы Донг Хуан Сан қатысты.

Сапар аясында ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Бас хатшы Донг Хуан Сан мырзамен және Дубайдағы Канада университетінің президентімен кездесті. Сондай-ақ шараға қатысушы жоғары оқу орындары ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі