Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жібек жолы университеттері желісінің 8-ші Бас Ассамблеясы барысында Орталық Азияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Халықаралық форум аясында ҚазҰУ басшысы Орталық Азияның жоғары оқу орындары мен білім беру мекемелері ректорларымен кездесулер өткізді. Тараптар Жібек жолы университеттері желісіне кіретін мемлекеттердің ғылымы мен білімін дамыту мақсатында өзара іс-қимыл және әріптестік мәселелерін талқылады.
Жемісті келіссөздер нәтижесінде ректор Жансейіт Түймебаев пен Самарқанд мемлекеттік әлем тілдері институтының ректоры Илхомжон Тухтасинов екі жетекші университет арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды.
Сондай-ақ форум барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Моңғолия Ғылым академиясының Тілдер және әдебиет институты арасында өзара түсіністік туралы меморандум орнады.
Осылайша зерттеу университеті мәртебесін алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің жоғары оқу орындарымен ғылыми байланысты нығайта отырып, халықаралық ынтымақтастық бағытын белсенді дамытуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі