- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ: «Qazaq universiteti» газетінің 1000-шы нөмірін біз шығардық
20.02.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің төл басылымы – «Qazaq universiteti» газетінің жарыққа шыққанына биыл 75 жыл толады. Газет 1948 жылдан бергі университеттің ішкі өмірін, ғылыми жетістіктерін, оқу-әдістемелік бағыттағы жұмыстарын, факультеттерде өтіп жатқан басты жаңалықтарын жариялайтын мінбері. Осы уақыт ішінде «Qazaq universiteti» басылымының бетіне жарияланған қара шаңырақтағы тарихи, айшықты оқиғалардың барлығы жыл өткен сайын бағасы жоғарылап, бүгінде университеттің архивін құрайды. Газеттің қамтитын өрісі ауқымды болмағанмен, оқу орнының бүкіл тарихын осы жерден табуға болады. Демек, басылымның да тарихы бай. Өткен ғасырдың 70-жылдарында «Qazaq universiteti» газетіне редактор болған, бүгінде ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде сабақ беріп жүрген қоғам және мемлекет қайраткері, жазушы-журналист, Қазақстан Журналистика академиясының президентi, тарих ғылымының докторы, профессор Сағымбай Қозыбаевпен кездесіп, «Qazaq universiteti» басылымы жайында әңгімелескен едік.
– Сағымбай Қабашұлы, сіздің журналистика тарихын түгендеп, ұлттық баспасөзіміздің ұмыт болған тұстарын ашып, үнемі ізденісте жүрген ғалым екеніңізді бүкіл қазақ журналистикасы біледі. Бұдан елу жылдай бұрын «Qazaq universiteti» газетіне редактор болып, өзіңіздің қолтаңбаңызды қалдырған екенсіз. Бүгінде оның барлығы жастар үшін тарих, сол кездерді еске алып, ойша саяхат жасап қайтсаңыз...
– Биыл 75 жылдығын атап өтетін «Qazaq universiteti» газетінің тарихы 1948 жылдың 20 сәуірінен басталады. Ол кезде бұл басылым «За отличную учебу» деп аталды, кейіннен «Казахский университет» болып өзгерді. Мен редактор болғаннан бастап газеттің атын орысшадан өзгертіп, «Qazaq universiteti» деп қойдық. Өзім туралы әңгімені басынан айтайын. 1974 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне мұғалім болып келдім. Оның алдында Бүкілодақтық радионың Қазақстандағы меншікті тілшісі болдым. Кандидаттық диссертациямды қорғап алғанмын.
Сол тұста, 1975-77 жылдар аралығында үш жылдай аптасына бір рет шығатын осы газетке редактор болдым. Газет шығару мұғалімге міндеттелген қосымша жұмыс болғандықтан, оған жалақы төленбеді. Бірақ көп уақытты алатын, жауапкершілікті қатаң талап ететін жұмыс. Ол кезде газетке редактор болу үшін міндетті түрде университеттегі партия комитетінің мүшесі болуың керек. Ал ҚазМУ-дың парткомы ол кезде аудандық партия комитетінің деңгейінде саналатын. Сондықтан аудандық компартия комитетіне мүше болу әркімнің қолы жете бермейтін жауапты да салмақты орын еді. Университет газетіне редактор болғанның бір артықшылығы осы болды.
– Кеңес өкіметі кезінде қағаз басатын машинкалар қауіпсіздік қызметінде есепте тұратын, сондықтан әркімнің қолына түспейтін. Баспаханалар да қатты қадағаланатын. Мақалаларды қайда бастыңыздар, газетті қай баспаханадан шығардыңыздар?
– Иә, ол кезде арнайы машбюро болған жоқ, материалдарды кафедралардағы машинкаларға басатынбыз. Университет баспаханасы Жүргенов көшесіндегі ҚазМУ-дың ескі корпусында болды. Байсейітова көшесі жағынан кіретінбіз. Газеттің алғашқы нөмірлерінен бастап сол баспаханадан шыққан болар. Қазір де ескі корпуста орны бар болуы керек. Есіңде шығар, ол кезде газет беттерін қорғасын пластинкаға қаттайтын, қаріптерді линотипке қолмен тереді. Тексті қысқарту, қателерді түзеу деген қиямет болатын. Бізде бір орыс жігіті жауапты хатшы болды, оған жалақы төленетін, сол екеуміз газет шығатын кезде күні бойы сол баспаханада жүретінбіз. Материалдарды дайындау бір бөлек, баспаханадан газет беттерін дайындап шығару бір бөлек жұмыс. Бұрынғы Абай атындағы ҚазПИ ауласында заң факультеті болатын, артынан баспаханамыз сонда көшті. Қазір ол жерде ештеңе жоқ, автокөлік тұрағына айналған.
– Өзіңіздің алдыңыздағы редакторлар туралы не айтасыз?
– Мен «Qazaq universiteti» газетінің 11-ші редакторымын. Маған дейін он адам редактор болған, олардың барлығы танымал ғалымдар. 1976 жылы сәуірде газеттің мерейтойлық 1000-шы нөмірін екі бояумен шығардым. Ол кезде газет тақырыптарын қара және қызыл бояумен берген үлкен жетістік еді. Соған өзіме дейінгі барлық редакторлардың суреттерін бердім. Ректораттың, парткомның, Қазақстан журналистер одағы басқармасының, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері жолдаған басылымның 1000-шы нөмірімен құттықтаулары да бірінші бетіне жарияланды. Жазушы Әлжаппар Әбішевтің 1955 жылы студент болып жүрген кездегі ең бірінші мақаласы «За отличную учебу» газетіне басылған екен, архивтен соны тауып алып, осы мерейтойлық нөмірге жарияладым. Бұл да басылым тарихындағы бір көріністер, белестер.
1948 жылы газеттің тұңғыш редакторы Сейділдә Төлешев болды. Қарап отырсақ, бұл кісі газетті айбынды да беделді ету үшін басылым бетінде сыни мәселелерге көбірек орын берген екен. Университет өміріндегі, оқу процесіндегі кемшіліктерді батыл сынап отырған. Ол кісі туралы шәкірті болып саналатын Темірбек Қожакеевтің кітаптарында бар. Одан кейін 1949-51 жылдары Қайыржан Бекхожин болған. Өзі декан, өзі редактор. Көрдің бе, газетке редактор болу қандай құрмет! Бұл кісі «Большевик жолы» – «Сталинский путь» деген Қостанай облыстық газетінің бас редакторы болған, содан соғыстан кейін, 1945 жылы ҚазМУ-ға келіп, журналистика факультетінің деканы болды. Оны өздеріңе сабақ берген, бүкіл журналист қауымы білетін журфактың профессоры Тауман Амандосов алмастырды.
Одан кейінгі жылдарда Қазақ КСР ҒА Әдебиет институтының бөлім жетекшісі болған филология ғылымының докторы Елеукен Ғабдиров, Мемлекеттік баспа комитетінің төрағасы болған филология ғылымының докторы Шериаздан Елеукенов, филология ғылымының докторы Горислав Колосов (кейіннен Воронеж мемлекеттік университетіне ауысып, декан болды), журфактң деканы болған Юрий Крикунов, филология ғылымының докторы, фантаст жазушы Абдул-Хамид Мархабаев, Нели Меньшикова (Украинада журналист болды), тарих ғылымының докторы Шолпан Сармурзиналар әр жылдары «Qazaq universiteti» газетінде редакторлық қызмет атқарды. Ал менен кейін Дандай Ысқақов, Кәкен Қамзин, Қайрат Сақ, Сағатбек Медеубекұлы, Гүлмира Сұлтанбаевалар болды, барлығы есімде жоқ, шамамен жиырма шақты адам болған шығар. Газет тігінділері үйде бар ма, жоқ па, білмеймін, содан қарау керек.
– Біз газеттің 1948 жылдан бастап алғашқы нөмірлерін Ұлттық кітапханадан, өзіміздің Әл-Фараби кітапханасынан іздеп таба алмадық. Сізге дейінгі газет тігінділері қайда сақталуы мүмкін?
– Сол жылдардағы газет тігінділері осында бір жерде болу керек. Университет архивінен қарау керек шығар. Өйткені мен бертінде 1948-50 жылдар аралығындағы үш жылдың тігіндісін Ғылыми кеңесте сол кездегі ректор Еділ Ерғожинге табыстағанмын. Ол тігінділерді маған архивтердің бірінде естелік ретінде берген. Үйдегі кітапханамда көп орын алатын болған соң, университетке өткізгенмін. Сондықтан оны университеттен іздеген дұрыс. Ал ҚазМУ-ға қатысты фотоматериалдарды Абай мен Байсейітова көшелерінің қиылысындағы Мемлекеттік архивтен қарау керек, барлығы сонда.
– Сағымбай Қабашұлы, сіздің осы университет қабырғасында табан аудармай жүргеніңізге елу жыл болады екен, содан бергі бүкіл тарихын білесіз. Бір кезде өзіңіз тер төккен төл басылымыңыз – «Qazaq universiteti» газетін үнемі қарап отыратын боларсыз. Сұрайын дегенім, Кеңес өкіметі тұсында университеттегі қате-кемшіліктерді, бұрыс жақтарды түзеуге бағытталған сыни мақалалар жарық көрді ме?
– Әрине, ол кезде кез келген басылым партияның қадағалауында болатын, кез келген сыни мақаладан нәтиже шығарылатын. Сондықтан небір фельетондар, памфлеттер, сыни мақалалар үзбей жарияланып тұрған. Мысалы, газеттің тұңғыш редакторы Сейділдә Төлешев туралы ұзақ жылдар журналистика факультетінің деканы болған Темірбек Қожакеев былай деп жазады: «Кейін білдік, бұл С.Шымыров, С.Атуаров, Т.Күреңше деген псевдониммен бұрқырата жазатын атақты фельетонист Сейділдә Төлешев екен. Сәкең жиырмасыншы жылдары слесарь да, прокурор да болып істепті. 30-шы жылы баспасөзге келген. 1937 жылдан фельетон жазып кеткен. Оның уытты тілі басына талай бейнет те берген. Соғыс жылдарында ол шетке ығыстырылған. Жамбыл облысында Свердлов аудандық газетінде редакторлық еткен. Соғыс бітісімен ол қайтадан Алматыда. «Коммунист» журналының бас редакторы. Енді, міне, университеттің журналистика бөлімінде оқытушы екен».
Сыни мақалалар сол кездерде жарияланып тұрды. Мен Бүкілодақтық радионың меншікті тілшісі қызметінен келдім ғой, сол арынмен декандарды сынап, оқу процесіндегі кемшіліктер, созбалаушылық сияқты бірқатар мақалалар жазғанмын. Содан сынға алған декандар менің үстімнен шағым жасағаннан кейін ректорымыз Өмірбек Жолдасбеков шақырып алып, «Сағымбай, айналайын, аккуратнее» деді. Ол кездің студенттері де газетті жақсы оқитын, өткір-өткір материалдар жазатын. Қазір де студенттерді жазуға тарту керек. Сыни мақалалардың болғаны да жақсы, сын болмаса, кемшіліктер, олқылықтар түзелмейді. Ортақ, орынды критиканы қабылдай білу керек. Газеттің негізгі міндеттерінің бірі – осы.
– Бүгінгі «Qazaq universiteti» туралы не айтасыз, қандай пікіріңіз, ұсыныстарыңыз бар?
– Қазір газеттің ауқымы да, аудиториясы да кеңейді. Жарияланым жағынан мазмұны да бұрынғыдан біршама жақсарды. Университеттегі қызметкерлер, оқытушылар, студенттер ғылыми, қоғамдық, мәдени жаңалықтармен, факультеттерде өткен шаралармен негізінен осы басылым арқылы танысады. Бір айтайын дегенім, газеттің түрлі-түсті болып шыққаны жақсы, бірақ журналдың қағазына емес, газеттің қағазына басу керек сияқты. Республикалық басылымдардың барлығы жұқа, газетке арналған қағазға басылады, жұрт та соған үйренген. Жарқыраған «мелованный» қағазға басылған газет оқылмайды. Екіншіден, басылымның тиражы көбейген сайын, қағаздың құны қымбаттайды. Осыны ескеру керек. Содан кейін, жаңа айтып кеттім, ара-тұра сын материалдарды да беріп тұру керек. Студенттердің, магистранттардың проблемаларын көтеретін мінбер де осы болуы тиіс. Сондықтан ресми жаңалықтарды ғана емес, студенттердің, магистрант, докторанттардың, оқытушылардың өміріне қатысты, барлығына ортақ оқылатын мақалаларды көбірек беру керек деп ойлаймын. Оларда айтатын проблема жетеді. Редакция қызметкерлерін газеттің 75 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Қайыржан ТӨРЕЖАН