- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғалымдар білім беру бағдарламаларының сапасын талқылады
20.02.2023Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда ағымдағы жұмыс мәселелерімен қатар білім беру бағдарламаларының сапасы талқыланды.
Ғылыми кеңесте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы –Ректоры Жансейіт Түймебаев ғалымдарды «QazInnovations» инновацияларды дамыту ұлттық агенттігінің» басқарма төрағасы Санат Ахановпен кездесуі туралы хабардар етті. «Университет пен «QazInnovations» әріптестігі инновациялық жобаларымызды коммерцияландыруға және кәсіпкерлік өндірісті дамытуға ықпал етеді. Біз бұл бағытта белсенді жұмысты жалғастыра береміз. Агенттік төрағасы ҚазҰУ-дың Ғылым департаментін ғылыми-инновациялық жобаларды қаржыландыру көздерімен және барлық қажетті материалдармен қамтамасыз етуге дайын. Бұл бағыттағы іс-шараларды жандандыруымыз керек. Мемлекет университет ғалымдарынан ауқымды әрі тиімді жобаларды күтуде. Жақында француздық «Total Eren» компаниясымен де келіссөздер жүргізілді. Біз ғылыми орталықты бірлесіп ашу және түлектерімізді өз кәсіпорнында жұмысқа орналастыру бағыттары бойынша келіссөздер жүргіздік», – деді ректор Жансейіт Түймебаев.
Ғылыми кеңестің күн тәртібі бойынша оқу орнының Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Фатима Жақыпова білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету жолдары жайлы баяндады. Ол негізгі шешуші бағыттар: ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру, білім беру бағдарламаларын өзектендіру, сапаны қамтамасыз ету жүйесі, интернационалдандыру және халықаралық әріптестік, ұлттық және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру екенін атап өтті.
Фатима Жақыпова өз сөзінде «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасына назар аудара отырып, ол біліктілікті тану мәселелерін реттеуге және қызметкерлерді өз құзыреттерін жетілдіруге ынталандыруы тиіс екенін айтты. Осы жоба шеңберінде кәсіптік біліктілікті анықтау тәртібін регламенттеу, басқарудың үш деңгейлі моделін енгізу, ынталандыру шаралары сияқты бірқатар жаңалықтар енгізілетін болады.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев түлектерді жұмысқа орналастыру, жұмыс берушілермен байланыс, ағылшын тілінде оқытылатын бағдарламалар мәселелеріне көңіл аударып, «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын талқылау және талдау қажеттігін алға тартты.
Сондай-ақ жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Бішкектегі филиалының жұмысы туралы директор Жамин Шейшенов баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі