- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Академик Әбдуәли Қайдар тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
28.02.2023Алматыда көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымының докторы, профессор Әбдуәли Қайдардың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті.
Ескерткіш белгі ғалым елу жылдай тұрған Шоқан Уәлиханов көшесіндегі №128 үйдің қабырғасына орнатылды.
Ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, Әбдуәли Туғанбайұлының туыстары мен шәкірттері қатысты.
Шараны Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев құттықтау сөзбен ашты. «Әбдуәли Қайдар – түркологияның дамуына үлес қосқан тұлға. Ғұмырын қазақтың білімі мен ғылымына арнады. Ғалымның бүкіл саналы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институтымен тығыз байланысты болды. Түркітілдес халықтардың тілі мен әдебиетін терең зерттеп, бірнеше монография, оқулықтар мен оқу құралдарын жазды. Ғасырда бір туатын осындай ғалымдарымызды біз ешқашан ұмытпаймыз», – деп атап өтті.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Әбдуәли Туғанбайұлының еңбек жолына тоқталды. «Мемлекет және ғылым қайраткері Әбдуәли Туғанбайұлы біздің университетіміздің түлегі. Ол тіл білімі мен әдебиеттану саласында еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдардың тәлімгері, біздің қадірлі ұстазымыз. ҚазҰУ-да дәріс оқып, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының дамуына елеулі үлес қосты. Тіл білімі саласында білімді шәкірттер тәрбиелеп, көптеген ғылым кандидаттары мен докторларына жетекшілік жасады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары қабылданған «Тіл туралы» заңының жаңа жобасын жасауға қатысты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаушылардың бірі болды. Ғалымның ғибратты ғұмыры шәкірттерінің жолымен жалғаса береді деп сенемін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ ашылу салтанатында ғалымның туыстары мен шәкірттері сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі