- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ-да құқықты дамытудағы жаңа бағыт – антиэджинг мәселелері талқыланды
03.03.2023Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Құқықты дамытудағы жаңа бағыт – антиэйджинг» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми жиында ғалымдар белсенді ұзақ өмір сүруді қолдау үшін жағдай жасаудың жаңа тетіктерін жетілдіру мен әзірлеу мәселелерін талқылады.
Конференцияны ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық институты, Кубан мемлекеттік университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасы және Ресей ТЖМ мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетінің Экономика және құқық кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шара билік органдары, қоғамдық, халықаралық ұйым өкілдері және басқа да ғылыми бағыттар мен құқықтық, медициналық, мәдени-әлеуметтік, экономика-экологиялық сала өкілдерінің арасында кең ашық алаң құруға бағытталған.
Конференция тақырыбының өзектілігін атап өткен профессор, заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов: «Антиэджинг мәселесі соңғы кездері өте байыпты реттелуі тиіс және құқықтық тұрғыдан белгілі бір процестерге әсер етеді. Адам денсаулығына әсер ету факторы адам құқықтарына да қатысты. Жаңа медициналық технологияларды қолдануға байланысты барлық мәселелер қатаң заңдық реттеуден өтуі тиіс», – деді.
Сондай-ақ жиында ішкі қызметтің генерал-лейтенанты, Ресей ТЖМ мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетінің басшысы Богдан Гавкалюк сөз алып, «Адамның ұзақ өмір сүру мәселелерін шешуде тек табиғи медицина ғана емес, гуманитарлық ғылымдар әлеуметтану және құқықтану да жетекші рөл атқарады. Сонымен қатар өркениетті қоғамдағы қоғамдық қатынастардың негізгі реттеушілері ретінде құқықтық факторларға шешуші рөл беріледі», – деп атап өтті.
Пленарлық отырыста Баку мемлекеттік университетінің Халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д. Рустам Мамедов баяндама жасады. Сонымен қатар ғылыми басқосуда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы Б.Атшабарова атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор Тимур Салиев және басқа ғалымдар мен сарапшылар, мемлекеттік және қоғамдық құрылым өкілдері сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі