Жаңалықтар

ҚазҰУ ректоры Румынияның елшісін қабылдады

07.03.2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Румынияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Мэдэлина Лупуді қабылдады. Жүздесуде екіжақты ынтымақтастық бағытындағы ұсыныстар талқыланды.

Білім ордасының басшысы университетке арнайы келген құрметті мейманға алғысын білдіріп, өзара ықпалдастықтың маңызына мән берді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Бүгінде университет ғалымдары 100 инновациялық жоба әзірлеп шықты. Оларды ілгерілету және коммерцияландыру бағытында жұмыс жүргізілуде. Біз білім мен ғылым саласында Румынияның ЖОО-ларымен серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы тұрғыда бірлесіп симпозиумдар, ғылыми конференциялар мен кездесулерді жиі өткізу қажет. Бұл жұмыстар ҚазҰУ мен Румынияның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға сеп болады», - деді университет ректоры.

Өз кезегінде елші Мэдэлина Лупу жылы қабылдағаны үшін Жансейіт Қансейітұлына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде құрметті қонақ аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы университет. Алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті одан әрі арттыруға дайынбыз», – деді Мэдэлина Лупу.

Кездесу соңында қос тарап студент және оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, тағылымдамадан өту бағытында жұмыстарды ұйымдастыруға келісіп, естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі