Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Наурыз мерекесі қарсаңында жоғары оқу орындары арасында Ping Pong Challenge Almaty – 2023 деген атаумен үстел теннисінен республикалық турнир болып өтті. Турнирге 19 жоғары оқу орнынан 24 команда қатысты.

Ерекше атап өтерлігі, бұл чемпионат Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасы әрі қолдауымен өтіп отыр.


Спорттық доданы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде проректор қатысушыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын жаңаша атап өту және оның маңыздылығын арттыру жөнінде арнайы тапсырма берген. Осыған байланысты Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы дайындалған болатын. Оның басым бағыттарының бірі – бұқаралық іс-шаралар мен спорттық ойындар ұйымдастыру. Бүгінгі үстел теннисінен ЖОО командалары арасындағы республикалық чемпионат осы тұжырымдама аясында өткізіліп отыр. Шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау», – деді университет проректоры.

Еске сала кетейік, Қазақстан үстел теннис федерациясы 1993 жылы құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық үстел теннисі федерациясын 13 жылдан аса басқарды. Президент ресми іссапарлары барысында мемлекет басшыларымен пинг-понг ойнап тұрады.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға Сүлейман Демирел университетінің командасы ие болды. Екінші орынды Narxoz университетінің командасы жеңіп алса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы үшінші орынға көтерілді.
Жарыс жеңімпаздарына диплом мен чемпионат кубогы табыс етілді.