- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылым жолын таңдаған арулар
11.02.202311 ақпан – Ғылымдағы әйелдердің халықаралық күні. Ғылым әлеуетінің дамуына зор үлесін тигізіп жүрген білікті мамандар даярлауда ҚазҰУ көш бастап келеді. Яғни білім ордамызда оқытушы-профессорлық құрамның 64 пайызын әйелдер қауымы құрайды. «Qazaq universiteti» газеті ғылым саласында білек сыбанып еңбек етіп жүрген ханымдарды оқырмандармен етене таныстыруды жөн санады.
Салтанат ТӨЛЕУҚЫЗЫ – шығыстану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары.
Салтанат Төлеуқызы ғылыми зерттеу саласында күні бүгінге дейін әртүрлі халықаралық, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, симпозиумдарда баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Дубай қаласында өткен (БАӘ) «Әлеуметтік ғылымдар, өнер, экономика және білім» жөніндегі халықаралық конференцияға; Анкара қаласында өткен (Түркия) «Жалпы тарих, мәдениет, білім және өркениет» бойынша халықаралық симпозиумға; Мальта президенті Джордж Веллдің қолдауымен және Толеранттылық және бейбітшілік жөніндегі жаһандық кеңестің (GCTP) ұйымдастыруымен Валетта қаласында (Мальта) өткен «Жоғары білім берудегі толеранттылықтың академиялық процестері» халықаралық симпозиумына; Анкара қаласында өткен (Түркия) ECOEI (Экономикалық ынтымақтастық ұйымы білім беру институты), Жоғары деңгейлі университеттер өкілдерінің форумында; Ташкент қаласында (Өзбекстан) өткен «Жас әйелдер мен қыздарды зерттеу қызметіне тарту: озық тәжірибе және перспективалар» атты халықаралық конференцияларына қатысып, ғылыми жаңалықтарын ортаға салды. 25-тен аса ғылыми жарияланымдар мен оқу құралының авторы. Оның ішінде Scopus базасында индекстелетін ғылыми журналдарда жарық көрген бірнеше мақаласы бар. 2015 жылы АҚШ-тың Мэдисон қаласындағы Висконсин-Мэдисон университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен.
– Арманым – болашақта еліміздің ғылымына өз үлесімді тигізіп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай із қалдырсам деймін. Ғылым жолы – түпсіз тұңғиық, мұхит деп сипаттасақ, сол мұхиттың тамшысындай болсын еңбегімді ел игілігіне, ғылым өркендеуіне қызмет жасау басты мақсатым, – дейді ғалым.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор.
1998 жылы «Саттар Ерубаев – журналист, публицист» атты тақырыпта «Журналистика» мамандығы бойынша филология ғылымының кандидаты, «Әдебиеттану» мамандығы бойынша доцент. «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы саяси коммуникация: шетелдік тәжірибе және Қазақстан» тақырыбында «Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар» мамандығы бойынша саяси ғылымдар докторы, 2017 жылдан саясаттану профессоры.
Саяси коммуникация, электронды демократия, интеллектуалды капитал, цифрлық медиа, деректер журналистикасы бойынша 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде үш дербес, жеті бірлескен ғылыми монографияның авторы.
Scopus базасында бес мақала жазған. ҚР БҒМ іргелі және қолданбалы зерттеулер бес ғылыми жобасының жетекшісі, UNESCO IPDC – жоба жетекшісі, WJS, EJTA халықаралық жобаларының орындаушысы. Ғалымның зерттеу объектісі – саяси коммуникацияның теориясы мен тәжірибесі, электронды демократия, білім қоғамы, интеллектуалды капитал, ақпараттық сауаттылық, фактченикг, медиа және ақпараттық сауаттылық.
2012-17 жылдары елдің интеллектуалды әлеуеті бағдарламасы аясында гуманитарлық технологиялар, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар әзірлеу, сондай-ақ 2021 жылдан бастап жалған ақпарат, инфодемия, верификация саласында цифрлық ресурстар әзірлеу бойынша қолданбалы зерттеулер жүргізді.
Профессор Г.Сұлтанбаева таяуда ғана АҚШ Ұлттық ғылым қоры (National Science Foundation) қаржыландыратын Цифрлық қоғам жобасының (Digital Society Project) «Интернет-саясаттың өлшемі» бағыты бойынша интернеттегі бостандық, киберқауіпсіздік, дезинформация, әлеуметтік желілердің поляризациясы бойынша ұлттық сарапшысы ретінде шақыру алды. Ғалым 2023 жылдың қаңтарынан бастап сараптау жұмысына кіріседі.
Г.Сұлтанбаева ең жауапты зерттеу жұмысын аяқтады. OБСЕ журналист әйелдердің интернеттегі қауіпсіздігі анықтамалық нұсқаулығын қазақ тілінде әзірледі (SOFJO Resource Guide in Kazakh, 2022).
Соңғы бес жылда Орталық Азия университеттері журналистика кафедралары басын біріктірген қауымдастықты AUCAJ құруға мұрындық болды. IPDC UNESCO халықаралық коммуникация даму бағдарламасы аясында «Орталық Азия университеттеріндегі деректер журналистикасы оқу бағдарламасының интеграциясы» жобасын табысты аяқтап, Париждегі штаб-пәтерінде ең озат кейс ретінде басқа елдерге ұсынылды.
Ақнұр АМАНБЕКҚЫЗЫ – Іргелі медицина кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры (доцент).
Ақнұр Аманбекқызы «Шапағат-2016», «Шапағат-2019», «Шапағат-2021» байқауының «Ең жас өнертапқыш» номинациясы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғылым» номинациясы, Nurintech республикалық инновациялық жобалар байқауының «Ең жас ғалым» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. 2022 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» ҚР ДМ төсбелгісімен марапатталды, «Үздік жас маман – 2022» республикалық байқауының жеңімпазы.
– Ғылым – қызық та қиын, сан қилы, шексіз жол. Осынау сара жолды қазақтың маңдайына біткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірге бастап, егемен елімнің ғылымына үлес қосып жатқанымды мақтан тұтамын. Жаңа Қазақстанның ғылымының дамып, өркендеуіне септігін тигізіп, медицина және фармация ғылымын дамытып, отандық, тиімді, эффективті және халыққа қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қазіргі жастардың алға қойған мақсаттарының бірі. Президенттіміз Қ.Тоқаев өз жолдауларында жас ғалымдарға сенім білдіріп жатады, бұл сенім бізге үлкен үміт және сенім ұялататыны рас, – дейді ғалым.
Ақнұр Тұрғымбаева ғылым жолында отандық фармацевтика өндірісін дамытуға өз үлесін қосуда. Қазіргі таңда отандық дәрілік өсімдік шикізаты негізінде жара жазушы жақпа майын, көзге арналған жақпа майын және антиоксидантты қасиеті бар капсула, бетке арналған, нәрлендіретін крем жасап, клиникаға дейінгі зерттеулер жүргізді. Ақнұр Тұрғымбаева өзінің зерттеу жұмыстарын АҚШ, ҚХР және Польша мемлекеттерінің заманауи базаларында жасады. АҚШ, Польша, Дубай, Франция, Малайзия, Ресей, Өзбекстан, Иран, Қазақстанда өткен халықаралық және республикалық ғылыми және ғылыми-тәжірибелік конференцияларда өз ғылыми жұмысы бойынша баяндама жасаған, халықаралық мәліметтер базасында 11 ғылыми мақаласы жарияланды (Clarivate Analytics Journal Citation Reports, Scopus, CiteScore мәліметтер базасында). ҚР БҒМ ұсынған журналдарда 20-дан астам мақала жарияланған, сонымен қатар қазақ тілінде «Қазақстандық мақсарының «Ақ май» түрі негізіндегі фитопрепараттардың фармацевтикалық негіздемесін жасау», үш тілде «Мақсарыдан алынған фитопрепараттар» атты екі монографияның авторы, сонымен қатар бір ҚР патенті, жеті пайдалы модель және екі халықаралық патенттің авторы.
Роза АБДУЛКАРИМОВА – Химиялық физика және материалтану кафедрасының доценті, ғалым.
Роза Абдулкаримова жалпы және арнайы пәндерден қазақ және орыс тілдерінде жоғары деңгейде дәріс оқыды. Студенттердің дипломдық және магистранттардың диссертациялық жұмыстарының жетекшісі. Екі химия ғылымының кандидаты мен екі PhD-докторын даярлап шығарды. Химия және химиялық технология факультетінде наноматериалдар және нанохимия саласындағы жаңа білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі. «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» (РУМС, Химия) секциясының төрайымы әрі жеті типтік бағдарлама, алты оқу құралының авторы. PhD докторанттарға арналған «Жарылғыш заттар мен пиротехниканың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша Мемлекеттік білім беру мекемесі авторларының бірі.
Әртүрлі ғылыми жобалар бойынша ҒЗЖ орындауда үнемі төбе көрсетіп келеді. Ғалым отқа төзімді материалдарды алуда елімізде өндірілетін қолжетімді «Индер» кен орнының бор құрамды рудасын қолдану мүмкіндігін, сонымен қатар материалдардың синтезі, экономикалық тиімділігімен ерекшеленетін перспективті өздігінен таралатын жоғары температуралы әдістерін зерттеп-зерделеді. Композициялық материалдардың қолдану аймақтары: химиялық және металлургиялық өнеркәсіп, конструкциялық және инструменталды материалдар өндіріс, композитті және отқа төзімді керамикадан алынуы турасында тың жаңалықтар ашты.
«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2017» атағына ие.