- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЖАС ҒАЛЫМДАРҒА МҮМКІНДІК
13.03.2023Ғылыми зерттеулер жүргізудегі теориялық білім мен практикалық дағдылардың жоғары деңгейі әлемде ғылым мен техниканың дамуына ықпал етеді. Ғылым-білімнің маңызды көзі және әлеуметтік прогрестің қозғалтқышы бола отырып, көптеген мәселелердің шешімін табуға және әртүрлі салалардағы соңғы жетістіктерді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғам мен жалпы ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі – ғылымның жетістігі.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда озық әлемдік тәжірибе мен заманауи жағдайларды ескере отырып, ғылыми жобаларды қаржыландырудың, басқарудың, іріктеудің, ғылыми зерттеулерді практикалық іске асырудың, өндіріске ҒЗЖ нәтижелерін енгізудің, сондай-ақ ғылым мен білім беруді интеграциялаудың жаңа тетіктерін әзірлеуге бағытталған ғылым саласында жаһандық реформалар жүргізілді.
Қазақ ұлттық университетінің «зерттеу университеті» мәртебесін алуы ЖОО-ның ғылыми қоғамдастығының алдына қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуге, отандық ғалымдардың зерттеу жұмысы үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, елде ғылымның дамуын ынталандыруға, сондай-ақ ғылымның нәтижелілігін арттыруға арналған бірінші кезектегі және өзекті міндеттер қояды.
Ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындары, сондай-ақ ғылыми қызметкерлер қызметінің тиімділігі көрсеткіштерінің бірі жарияланымдық белсенділік екені даусыз. Таяуда Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен жоспарлауға, алынған нәтижелерді дұрыс түсіндіруге және оларды жоғары рейтингтік журналдарда жариялауға, консультативтік, әдістемелік көмек көрсетуге үйрету мақсатында «SCIENCE. RESEARCH. PUBLICATION» халықаралық қысқы мектеп іс-шарасы өтті. Халықаралық мектепке Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан жоғары оқу орындарының оқытушылары, қызметкерлері мен докторанттары қатысты.
Халықаралық мектеп барысында пленарлық баяндамалар ұсынылып, тыңдаушыларға ғылыми мақалалар жариялау кезінде мақсат қоюдан бастап, журналды таңдауға дейінгі мәселелерді үйрететін оқыту сабақтары ұйымдастырылды. Халықаралық қысқы мектеп «SCIENCE. RESEARCH. PUBLICATION» химия саласындағы жетекші ғалымдарға ғылыми мақалалар жазу мен жариялаудың теориялық және практикалық мәселелері бойынша ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік берді. Семинар барысында қатысушылар тәжірибе алмасуға, өз саласындағы кәсіби білігі мол ғалымдардан тақырып бойынша қызықтырған сұрақтарға жауап алуға және белгілі бір салада әлеуетті ынтымақтастық үшін мамандармен араласуға мүмкіндік берді.
«SCIENCE. RESEARCH. PUBLICATION» халықаралық қысқы мектебін тұрақты өткізу игі ісі кәсіби әлеуетін толық іске асыруға ұмтылатын жас ғалымдарды қалыптастырудың маңызды факторы. Осыған байланысты қысқы мектепті Қазақстан мен әлемнің жетекші ғалымдарын тарта отырып, жыл сайын өткізу жоспарлануда.
Ақмарал АРҒЫМБАЕВА,
доцент
Гүлмира РАХЫМБАЙ,
доцент м.а.