Жаңалықтар

Амал мерекесі құтты болсын!

14.03.2023

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері, магистрант, докторанттары!

 

Сіздерді жыл басы – Амал мерекесімен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз құттықтауында: «Барша Қазақстан халқын бүгінгі Амал мерекесімен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі», – деп атап өтті.

Ел Президентінің Наурыз мейрамын жаңаша атап өту және оның маңыздылығын арттыру тапсырмасына сәйкес, өткен жылы арнайы Тұжырымдама қабылданған болатын.

Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған 10 күндік бағдарлама «Көрісу күнімен» басталып, «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күнімен» жалғасын табады.

Наурыз мейрамының негізгі мақсаты ретінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтауға баса мән берілген.

Сонымен қатар отбасылық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері қамтылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атаулы күндерді жастар санасына сіңіріп, кеңінен насихаттауға атсалысады деп сенемін.

Жыл басы жаңаның хабаршысы, жақсылықтың жаршысы болсын!

Қуанышпен көрісіп, жақсылықта жүздесейік!

 

Ізгі ниетпен

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ